📰 Сарапшылар пікірі

Осы жазда пәтер алған дұрыс па?

Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ – осы жазда пәтер сатып алу тиімді ме? Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы шынымен «қыз-қыз қайнап» тұр ма, әлде бұл тек сыртқы әсер ме? Қаржы кеңесшісі Аман Әлімбаев бұл сұраққа нақты жауап беріп, көпшіліктің күдігін сейілтті, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша, тұрғын үй нарығы қазір шамадан тыс қымбат емес, керісінше, салыстырмалы түрде тұрақты және теңгерімді жағдайда. Ол мұны нақты сандармен дәлелдейді.

«Қазір нарық қызып кетті деу – асыра сілтеу. Егер сәл тереңірек қарасақ, сандар керісінше жағдайды көрсетіп тұр»,  дейді сарапшы Digital Business порталына берген сұхбатында.

Аман Әлімбаев 2024 жылдың көктемін пәтер алу үшін соңғы 5–6 жылдағы ең тиімді кезең деп есептейді. Себебі ол кезде доллар бағамы 500 теңгеден төмен болды, ал теңгемен есептегендегі бағалар қатты өзгермеді.

«Сол кезеңде пәтер бағасы доллармен есептегенде ең төмен деңгейде болды. Бұл – нарыққа кіру үшін қолайлы сәт еді», –дейді ол.

Яғни, сол уақытта пәтер алғандар расында да ұтты. Қазір доллар қымбаттағанымен, ол кезеңмен салыстырғанда нарық әлі де қатты өзгеріп кеткен жоқ. Сарапшы тұрғын үйдің қолжетімділігіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, баға өскені рас, бірақ қазақстандықтардың доллармен есептегендегі табысы да өсті. Соның арқасында пәтер сатып алу мүмкіндігі бұрынғы деңгейде қалып отыр.

«Қазір жалақылар пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда жоғары. Бағалар да өсті, бірақ бұл тепе-теңдік сақталуда. Соңғы 10–15 жылда тұрғын үйдің қолжетімділігі айтарлықтай өзгерген жоқ»,  дейді ол.

Әлімбаев нақты критерийлер бойынша баға беруді ұсынады. Егер пәтерді жалға беруден түсетін табыс төмендеп кетсе, жеңілдетілген ипотека тоқтатылса, және пәтер бағасы жылдық табыстың 18-20 есесіне жетсе, онда ғана нарық шын мәнінде «қызып кеткен» деп айтуға болады. Ал қазіргі жағдай қандай?

«Қазір жалдау табыстылығы әлі де 8-9% деңгейінде. Бұл – қалыпты. Ипотекалық бағдарламалар да жұмыс істеп тұр. Пәтер бағасының жалақыға қатынасы  12-15 жылдық табыс көлемінде. Бұл көрсеткіш соңғы 10-15 жылда көп өзгерген жоқ»,  дейді сарапшы.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде «банктер ипотекалық несиелерді тоқтатады» деген әңгімелер жүр. Бұған да Аман Әлімбаев қысқа да нұсқа жауап берді:

«Шынында, банктерге 20%-дан жоғары мөлшерлеме белгілеуге шектеу қойылды. Бірақ бұл әлі де жай ғана сөз деңгейінде. Қазіргі таңда банктер ипотека беріп жатыр, бәрі жұмыс істеп тұр», дейді ол.

Пәтерді жалға беру үшін алатындар үшін бұл кезең аса тиімді емес. Бірақ өз баспанасын іздегендер үшін  ешқашан “дәл қазір емес” деген уақыт болмайды.

«Егер сіз пәтерді өзіңіз тұру үшін алғыңыз келсе – онда оны кез келген уақытта алу керек. Ертең бүгіннен жақсы болады деп ойлау  қате. Себебі нарықта ешқашан “мінсіз” уақыт болмайды»,  дейді сарапшы.

Мысал ретінде Отбасы банкінің ипотекалық бағдарламасын келтірді. Көпшілік «5% ғана төлеймін» деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, 50% бастапқы жарнамен есептесек, қалған сомаға 5% үстеме қосылады, яғни тиімді мөлшерлеме 10% айналасында.

«Бүгінгі таңда инфляция 10% шамасында. Яғни, сіз төлейтін пайыз инфляциямен “жойылып” отырады. Бұл  шын мәнінде нөлдік пайызбен бөліп төлеу деген сөз», дейді ол.

 

Барлық жаңалық