Қоғам

Шетелдік спортшыларға енді ақша жоқ

Қазақстанда 2025 жылғы 16 маусымнан бастап жаңа «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң ресми күшіне енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған бұл құжат елдегі спорт жүйесін жаңғыртуға, қаржыландыруды тиімді басқаруға және отандық спортшылардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Ең басты өзгерістердің бірі  шетелдік спортшыларға мемлекет қаржы бөлмейді, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 180-нен астам спорт түрі тіркелген. Алайда халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп жүргені – бар болғаны 14 жазғы және 5 қысқы Олимпиада түрі ғана. Сол себепті саладағы ретсіз шығындар мен нәтиже бермейтін бағыттарды қысқартып, нақты тиімді спорт түрлеріне басымдық беру қажеттілігі туындады. Жаңа заң осы мәселені шешуге бағытталған.

Командалық спорт клубтарын ұстауға арналған бюджетке алғаш рет нақты шектеу енгізілді. Бұл лимиттер айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байлана отырып белгіленеді. Тиісінше, бюджеттік тәртіп артады, ал спорт саласындағы қаражат тиімді бөлінеді.

Сонымен қатар 60-тан астам спорт түрі басым бағыт ретінде айқындалды. Олардың қатарында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындары, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бар. 

Республикалық және өңірлік спорт ұйымдары енді тек аккредитациядан өткен жағдайда ғана ресми федерация мәртебесіне ие болады. Жергілікті федерациялар ұлттық федерация құрамына енбейінше, оларға қаржылық немесе ұйымдастырушылық қолдау көрсетілмейді.

I топтағы мүгедек спортшыларға жарыс пен жаттығуға ілеспе тұлғаны заңды түрде бірге алып жүру мүмкіндігі берілді. Спорт ұйымдарының басшылары енді 5 жыл сайын ротация тәртібімен ауыстырылады. Егер белгілі бір өңірде баламалы ұйым болмаған жағдайда, көрші аудандармен немесе қалалармен ротация жүргізіледі. 

Жаңа заң шетелдік легионерлерге бөлінетін қаражатты тоқтатып, ендігі кезекте ішкі ресурстарды, яғни қазақстандық спортшыларды даярлау мен қолдауға бағыттауды көздейді. Бұған дейін миллиондаған қаржы алыс-жақын елдерден келген спортшыларға жұмсалып келгені белгілі. Ал нақты нәтиже бергендері санаулы ғана.

 

Барлық жаңалық