Қазір әр баланың қолында бір-бір телефон бар. Олардың басты ермегі — ойын. Онлайн-ойынның қызығына кірген бала түгілі ересектің өзі өз-өзіне есеп бере алмай қалып жатады. Өйткені ойында азарт басым. Осы тұста Қаржылық сауат арнасы пайдалы кеңеспен бөлісті.
Тапсырманы орындау, ұту, жеңу, жаңа деңгейге өту, жаңа «герой» алу — көп ойынның қызығы. Талай бала ата-анасының картасындағы ақшасын ойынға салып жіберді. Оны біліп те білмей жатқан ата-ана қаншама.
Енді алаяқтар сол ойындар арқылы төбе көрсетіп жатыр екен. Тікелей балалармен онлайнда сөйлесіп, өзін ойынның «админі» етіп көрсетеді. Ойынның шартын түсіндірген болады, «қарсыласыңды жеңу үшін жаңа деңгей, жаңа «герой» керек» деп оның ақылы екенін айтады.
Сөйтіп, карта деректерін енгізуді сұрайды. Алаяқтықтан хабары жоқ бала ата-анасының бірінің банктік картасын алып, барлық деректерін енгізіп жіберуі мүмкін. Оның бәрі — алаяқтар үшін құнды дерек.
Аферистердің қолына картаңыздың нөмірі мен CVV коды түсті ме, ақшадан айырылдым дей беріңіз. Сондықтан, әр ата-ана балаларымен міндетті түрде сөйлескені дұрыс. Ойын баласына жағдайды айтып түсіндіріп қойыңыз, алаяқтар ойынның «админі» деп өтірік таныстыратынын айтыңыз.
Сосын кез келген адамға, тіпті телефон арқылы кез келген ойынға банк картасынан ақша аудармауға үгіттеп қойған жөн. Шама келсе, баланың телефонына ата-ана бақылайтын тетікті қосып қойған да артық емес.
Сондай-ақ мына қосымшаларды телефонға орнатпағаны абзал — AnyDesk, TeamViewer. Бұның екеуі де смартфон мен компьютерді қашықтан басқаруға арналған программалар.