Этика кеңесі төбелеске қатысқаны үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалықұлды қызметінен босатуды ұсынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Оzgeris.info.
Агенттіктің мәліметінше, әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс тудырған мемлекеттік қызметші қатысқан төбелеске байланысты Түркістан облысы бойынша департамент қызметтік тексеріс жүргізген.
«Тексеру нәтижесінде 5 желтоқсан күні Түркістан облысы бойынша этика кеңесі тиісті шешім қабылдады. Кеңестің шешімімен Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы С. Жалықұлға «атқаратын қызметінен босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды», – делінген хабарламада.
Этика кеңесі мемлекеттік қызметшінің әрекеті қызметтік әдеп нормаларына қайшы келетінін, оның қоғамға қарсы және әдепсіз мінез-құлық танытқанын атап өтті. Сондай-ақ, оның әрекеті өзі өкілдік ететін мемлекеттік органның беделіне айтарлықтай нұқсан келтіргені көрсетілді.