📰 Сарапшылар пікірі

"Теңге ешкімге керек болмай құнсызданады": Мемлекет мұнай дәуірінен кейінгі кезеңге дайын ба?

"Теңге ешкімге керек болмай құнсызданады": Мемлекет мұнай дәуірінен кейінгі кезеңге дайын ба?

Қазақстан мұнайға тәуелді. Шикізаттың бұл түрі бір күні таусылады деген қауіп бар. Бірақ халықаралық сарапшылар қауіп шикізаттың таусылуынан емес, оның бағасының құлдырауына келеді деп болжайды. Мұнай бағасы құласа, Қазақстанның күні не болады? Мемлекет мұнай дәуірінен кейінгі кезеңге дайын ба? Сарапшылардың пікіріне сүйеніп Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

20-ғасыр бойы әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушыларының бірі болып қара алтыннан орасан табыс тапқан ел Венесуэла. Елдің экономикасы мұнай бағасы құлдыраған кезеңдерде кері кетті, құлдырады. Бұрын дәулеті тасыған мұнай державасы қазір гуманитарлық дағдарыс жариялаған ел. Бұған сыртқы санцкиялар, валюталық бақылау, гиперинфляция сынды факторлар да әсер етті. Венесуэла үлгісі мұнайға толық тәуелді болудың қандай қауіпті екенін көрсетті.

Қазақстан экономикасы да мұнайға тәуелді. Венесуэланың экспорты 90-пайыз мұнай болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 50-пайыз айналасында. Экономиканы ұстап тұрған бұл шикізат бір күні таусылады деген қауіп бар. Алайда халықаралық мұнай қоры қауіп мұнайдың таусылуынан емес, оның бағасының құлдырауынан келеді деп болжап отыр. Ұйымның есебінше, 2040-жылы мұнайдың баррелі 15%-ға дейін түсуі мүмкін. Мұнай бағасы құласа, еліміздің ертеңі не болады? Мемлекет мұнай дәуірінен кейінгі кезеңге дайын ба?

Қазақстан мұнайға қаншалықты тәуелді?

Қазақстанның мұнайсыз күн көруі әзірге қиын. Біріншіден, республика бюджетінің шамамен 3/1 бөлігі, 28-пайызы мұнайдан түседі. 2024 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге аударылды. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Мұнайдан түсетін ақшаның дені Ұлттық қорға түседі. Ал бюджеті тапшы үкіметтің ұлттық қордан жыл сайын алатын ақшасы көбейіп барады.

 

«Мұнай мен газ саласынан түсетін салық түсімдері бұл бюджеттегі негізгі ақша. Яғни барлық түсімдердің 73 пайызы мұнай мен газдан түседі. Бұл мемлекеттің барлық шығынының жартысы. Яғни, мемлекет жұмсайтын әр бір 2 теңге мұнайдан түскен ақша", - дейді Рахымбек Әбдірахманов, экономист.

Мұнайға тәуелділікті үшке бөліп түсіндіруге болады.

Біріншіден, үкімет әр жыл сайын Ұлттық қордан алған ақшаға әдетте әлеуметтік міндетін орындайды. Атап айтқанда, зейнетақы, мемлекеттік қызметкерлер жалақысы, білім беру, медицина және тағы да басқа төлемдер осыған кіреді. Тағы бір бөлігін қорғаныс саласына жұмсайды.

Екіншіден, Қазақстан сыртқа сататын тауарлардың жартысынан көбі мұнай мен газ. Экспорттың 52,15 пайызы осы салаға тиесілі.

Үшіншіден, ірі инвестициялар мен жұмыс орындары мұнай саласында. Қазақстан бұрын да қазір де инвесторларға шикізат қорының, соның ішінде мұнай мен газға бай болғанының арқасында тартымды. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері тартқан тікелей шетелдік инвестицияның 60%-ға жуығы мұнай-газ саласына тиесілі. 

2023 жылғы елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі 15,7 млрд доллар болса, соның ең көбі тау-кен өндіру, негізінен мұнай-газ саласына тиесілі.

Ресми дерек бойынша, әлемдегі мұнай қорының 1,7%-ы Қазақстанға тиесілі. Мемлекет былтыр шамамен 87,7 млн тонна мұнай мен газ өндірген. Биыл бұл көрсеткіш ұлғая түспек.

Мұнай дәуірі қашан аяқталады?

75 жыл бұрын америкалық физик Мэрион Кинг Хабберт

«Мұнай бір күні әлемдегі негізгі энергия көзі болмайды, оның да дәуірі бітетін кез келеді» 

дегенде, оған ешкім сенбеген. Өйткені ол кезде жаңа кен орындары ашылып, мұнай өндіру технологиясы дамып жатты.

Ал 55 жыл бұрын Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай министрі шейх Заки Ямани

«Тас дәуірі тастардың таусылуынан аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де мұнайдың бітуінен емес, сұраныстың азаюынан аяқталады», - деп кеткен.

Электроэнергиямен жүретін көліктер пайда болғалы бері, мұнай дәуірінің шегі көріне бастады. Ағаштың орнын көмір, көмірдің орнын мұнай ығыстырған секілді, мұнайды табиғи газ бен жаңартылған энергия алмастырмақ. Халықаралық энергетикалық агенттік, 2040-жылға қарай мұнай мен көмірдің жаһандық энергиядағы үлесі 25%-ға дейін қысқарады деп болжауда. Ал халықаралық валюта қоры енді 10-25 жылдан кейін мұнай бағасы барреліне 15$-ға дейін жетеді деп топшылап отыр.

«Халықаралық валюта қоры мұнай экспорттаушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға ашық түрде ескертіп отыр. Егер бұл елдер экономикасын әртараптандырмаса, экономикалық модельдерін өзгертпесе, олар болашақта ешнәрсесіз қалуы мүмкін. 2040-жылға қарай мұнай бағасы құлдырайтыны өкінішке орай шындық. Оған әсер ететін факторлар көп. Ол электромобильдердің өсуі, жасыл энергетика мен инвестицияларға ауысу қарқынына байланысты болжам», - дейді маман. 

Қазақстан экономикасына төнетін ең негізгі қауіп ол мұнайдың құнсыздануы екені бұрыннан айтылып келеді. Дүниежүзілік банк те осыны растап отыр. Халықаралық валюта қорының есебінше, мұнай бағасы 110$-дан төмен түссе, Қазақстан бюджет тапшылығына ұшырайды. Яғни, мемлекет бюджетінің шығысы мен кірісі теңгерімде болуы үшін, мұнайдың құны осыдан түспеуі керек. Былтыр Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен 80-81$ болды. Демек, Қазақстан бюджеті минуста. Бұл тапшылықты жабу үшін үкімет Ұлттық қордан алатын қаржыны ұлғайтып жатыр.

Халықаралық валюта қорының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан экономикалық қауіп-қатердің ортасында тұр. Бюджеттің мұнайға тәуелділігі анық байқалады. Көп мұнай экспорттаушы елдер арасында Иранның жағдайы ең қиын. Мемлекеттік бюджет теңгерімде болуы үшін мұнай бағасы барреліне 280$ болуы керек. Бахрейн, Сауд Арабиясы және Ливияның да бюджеті мұнайға тәуелді. Түркіменстан, Катар, Біріккен Араб Әмірліктеріне төнетін қауіп азырақ.

Мұнайға сұраныстың төмендеуі мұнайдың экспортын азайтады. Елге шетел валютасының келуін азайтады. Демек, теңге ешкімге керек болмай құнсызданады. Ал ол сырттан келетін заттардың қымбаттауына әкеледі. Бұдан соң халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Әл-ауқаты нашарлап, кедейлене түседі.

2014-2015 жылдары ел экономикасы үшін аса ауыр кезең болды. Мұнай бағасы 100 доллардан 40 долларға құлдырап, Қазақстанның экспорттан түсетін ақшасы екі есе қысқарды. Девальвация болды. 2015 жылдың тамызына дейін 1 доллар – 185-190 теңге болса, еркін айырбасқа көшкен соң 200-300-ге дейін шарықтады. Импорттық тауарлар қымбаттап, инфляция жоғарылады. Халықтың табысы азайып, жағдайы нашарлады.

2019 жылы Covid-19 пандемиясы басталған кезде де мұнайға сұраныс күрт төмендеп, үкімет экономиканы ұстап тұру үшін Ұлттық қордан бұрын соңды болмаған мөлшерде қаржы алды. Бұл жағдайлар Қазақстанның қандай деңгейде байланғанын көрсетті. Яғни, ел экономикасына реформа керек, мұнайдан тәуелсіздік алу керек.

«Мұнай бағасы күрт төмендеген кезде, ол көптеген қиындықтарға алып келеді. Мысалы 2014 жылы мұнай бағасының төмендеуінен кейін Венесуэланың экономикасы өте жылдам құлдырай бастады. Ұлттық валютаға деген сенім жоғалып, іс жүзінде құнсызданды. Ал инфляция жылына 100 мың пайызға ұшты. Дүкен сөрелеріне көптеген тауар жетпей қалды. Ал 10 жыл ішінде елден 7 миллионнан аса адам көшіп кетті. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы да толықтай құлдырады. Салыстыру үшін басқа елдерді алсақ, мысалы Нигерия, Алжирде де шамамен осындай жағдай болды. Осы елдердің мысалына қарай отырып, біз Қазақстанда қандай жағдай болатынын шамамен болжай аламыз», - дейді сарапшы. 

Қазақстан сабақ алды ма?

Бұрынғы президент Назарбаев та, қазіргі Тоқаев та үкімет алдына үлкен жоспарлар қойып, табиғи ресурстарға тәуелділіктен арылу, экономиканы әртараптандыру туралы аз айтқан жоқ. Көптеген бағдарламалар қабылдады. Триллиондаған қаражат құйды. Мысалы, 2010 жылдан бастап үкімет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары қабылданып, екі кезеңде жүзеге асты. 

I кезеңнін бюджеті (2010-2014) – 800 млрд теңге.

II кезеңнің бюджеті (2015-2019) – 1,2 трлн теңге.

Үкімет 10 жылда 1200-ден астам жобаны іске қосты. 100 мың жұмыс орны ашылды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі ЖІӨ-де 11,6%-ға жетті деп есеп берді.

2015-2020 жылдары 5 трлн теңгеге «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырды.

2017-2021 жылдары 1,5 трлн теңгеге агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын жүргізді.

2017-2025 жылдары 1 трлн теңгеге құрылыс саласын қолдау мақсатында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын қолға алды. Бұл жобалар аясында үкімет жоғары жетістікке жеткені туралы есеп берді. Бірақ, ресми көрсеткіштерге сүйенген тәуелсіз сарапшылар бұл жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы болғанымен, әртараптандыру міндетін орындай алмады дейді. Ал 2018-2022 жылдары экономиканы цифрландыру мақсатында 141,5 млрд теңгеге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы оң нәтиже берді. Алайда ол да экономиканы әртараптандыра алмады.

«Экономиканы әртараптандырудың ең жақсы индикаторы ол ғылыми зерттеулер мен тәжірибелі конструкторларға салынатын инвестициялар. Бүгінгі таңда БҰҰ дамушы елдерге жалпы ішкі өнімінің 1-1,5%-ын ғылымға жұмсауды ұсынады. Өкінішке орай, Қазақстанның былтыр ғылымға жұмсаған шығыны 0,2%-ға жа жетпеді», - дейді маман. 

Қазақстан жаһандық технологиялық жарысынан толықтай тыс қалып отыр. 2023 жылы Қазақстан небәрі 43 патент шығарды. Бұл көрсеткіш ресурсы аз Грузиядан 57 патентке, және Ресеймен соғысып жатқан Украинадан 176 патентке төмен. Ірі дамуышы елдер қатарындағы Түркияда 2862, Ресейде 1748 патент. Ал жаһандық дамушы ел Қытайда 1 млн 74 патент, АҚШ – 447 000, Оңтүстік Кореяда – 253 000 патент.

«Бүгінде еліміздегі экономикалық мәселелердің түп тамыры саяси сипатқа ие. Осы тұста біз басқа елдердің экономикасына емес, жемқорлықпен күрес тәсілдеріне, билік жауапкершілігін арттыру үлгісіне, және мемлекеттік басқару саласын жетілдіру тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Өкінішке орай, жемқорлық жойылмайынша, біз басқа параметрлерге көше алмаймыз. Егер біз басқару саласын басқа деңгейге көтере алмасақ, экономикалық ілгерілеру туралы немесе бюджет кірісін қалпына келтіру туралы айту мүмкін емес», - деп түйіндеді маман. 

 

Барлық жаңалық