Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) электронды темекіге қатысты шариғат үкімін жариялап, бұл құрылғыны қолдану харам екенін мәлімдеді. Себеп адам денсаулығына тікелей зиян келтіруі әрі шариғатта тыйым салынған ысырапқа жатуы, деп жазады Ozgeris.info.
Электронды темекі немесе вейп – никотин мен басқа да химиялық заттарды өкпе арқылы жеткізетін құрылғы. Иісі әлсіз болғанымен, зияны аз емес. Бұл құрылғылардың кең таралуы және жастар арасында белең алуы ҚМДБ назарынан тыс қалмаған. Діни басқарма шешім қабылдау барысында ғылыми деректер мен шариғат ғұламаларының көзқарасын негізге алған.
Ханафи мәзһабының ғалымы шейх Мухаммад әл-Айни темекі тартуды харам деп есептеудің төрт себебін келтірген:
1. Денсаулыққа зиян келтіруі;
2. Есірткіге ұқсас әсері;
3. Жағымсыз иісінің айналаға зияны;
4. Қаражатты ысырап етуі.
Мұндай үкімге Ислам медицина ғылымдары ұйымының тұжырымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері де негіз болған. Олар электронды темекі мен кальянның зияны кей жағдайларда дәстүрлі шылымнан асып түсетінін айтқан.
«Электронды темекіні қолдану – харам. Бұл темекі түрі адам денсаулығына зиян келтіреді әрі ысырапқа жатады», делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Діни басқарма қоғамды денсаулыққа залалды әдеттерден арылып, салауатты өмір салтына бет бұруға үндейді.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда вейп сатуға заң жүзінде тыйым салынған. Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз айналымдағы 1,8 млрд теңгенің электронды темекі өнімдерін тәркілеген болатын.