🏛️ Саясат

Миллиардтар Ресейге кетсе, соғысқа жұмсалуы мүмкін бе? Букмекерлік бизнес Ресейлік Кремлёвке өтуі мүмкін

Мәдениет және спорт министрлігі «Ашық НҚА» порталында жаңа ереже жариялады. Құжатта Бірыңғай есепке алу және ақпарат беру жүйесі қалай жұмыс істейтіні айтылған. Әңгіме 2020 жылдан бері іске қосыла алмай келе жатқан жүйе туралы болып отыр. Яғни, букмекерлер мен мемлекет арасындағы байланыс орнататын арнайы байланыс құралы құрылмақ. Бұрын оны «Ставкаларды есепке алу орталығы» деп атаған. Қазір атауын өзгертіп, «Бірыңғай есеп жүйесі» деп отыр. Құжатта жүйенің қалай жұмыс істейтіні, оған кімдер мүше болатыны және қарызы бар азаматтардың тізімі жазылатын болады. Десе де қоғамды алаңдатып отырғаны басқа. Жобаны кім жүзеге асыратыны және ставкалардан түсетін пайыз кімнің қалтасына кететіні белгісіз. Тәуелсіз журналист Михаил Козачков осы жайлы жазып, қоғамға сауал тастады. Оның жазуынша, бұл жоба ресейлік азаматтың бақылауына берілуі мүмкін. Оның есімі қылмыс әлемінде де, тіпті билікте де белгілі. Бұл туралы Орда порталы да жазған. Ozgeris.info тілшісі де мән-жайды анықтап көрді.

Күмәнға толы жүйе

Енді букмекерлер барлық мәліметті осы жүйе арқылы жіберуі керек. Бұған дейін де олардың қаржылық операцияларын Салық комитеті мен Қаржылық мониторинг агенттігі бақылапотырған. Қазір де бәс тігу үшін клиенттер өз құжаттарын, ЖСН мен биометрикалық деректерін енгізеді. Аталмыш жүйесіз де жұмыс істеп келе жатқан схема.

Қоғамды да, журналистерді де алаңдатып отырғаны:

«Бұл жүйені нақты кім басқарады? Мемлекеттік мекеме ме, әлде жеке компания ма? Егер аталмыш жүйе жеке компанияның қолына кетсе, онда олар ставкалардан қырауар ақша табуы мүмкін», - деп жазды Козачков.

Аталмыш сұрақ биыл Парламентте өте көп талқыланды. Депутаттар «бұдан былай делдал компаниялар болмайды» деп уәде берген. Мысалы, «Аманат» партиясынан Елнұр Бейсенбаев бұл жүйені «Ескі Қазақстанның делдалы» деп атады. Ол бұл орталықты мүлде жою керек деп мәлімдеген.

Нәтижесінде оны жойған жоқ. Қайта атауын өзгертіп, мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Енді ол бұрынғыдан да ауқымды жүйеге айналады.

Жаңа жүйе не үшін керек?

Билік өкілдері бұл жүйе букмекерлер мен ойыншыларды бақылау үшін керек дейді.

Жүйе арқылы:

         •        Барлық ставка туралы ақпарат тіркеледі;

         •        Қарызы бар адамдардың ставка жасауына тыйым салынады;

         •        Egov жүйесімен біріктіріледі, яғни, әр азамат өз еркімен шектеу енгізу арқылы құмаройындардан бас тарта алады.

         •        Мәліметтер салық органдарына және Қаржылық мониторинг агенттігіне жіберіледі.

Ал шетелдік букмекерлер ше?

Қазақстанда тіркелмеген букмекерлік сайттар жетерлік. Олар .kz доменін пайдаланады, кейбіреуі елде кеңсе де ашып алған. Десе де, заң бойынша олар тіркелмеген, салық төлемейді.

«Ал жаңа ережеде осындай шетелдік сайттарды қалай бұғаттайтыны, немесе реттейтіні туралы ештеңе жазылмаған», - дейді журналист.

Тағы бір қызық жайт. Жаңа жүйе Мәдениет және спорт министрлігіне бағынышты, алайда, құжатта министрлік ақпаратты алады ма жоқ па, айтылмаған. Министрлік өзі жауапты жүйеге қол жеткізе алмай отырған сияқты дейді журналист.

Жүйені кім басқарады?

Құжатта нақты қандай компания жүйені басқаратыны жазылмаған. Тек бір ғана талап бар, компания 100% мемлекетке тиесілі болуы керек делінген.

«Егер бұл шын болса, өте жақсы. Онда жүйеден түскен табыс ел бюджетіне түсер еді. Бірақ ертеңсол мемлекеттік компанияның ішінен қандай да бір жеке түсініксіз компания пайда болып кетпейді ме деген күмән жоқ емес», - дейді журналист.

Қазір қоғамда жүйе кімнің қолына өтуі мүмкін деген сұраққа болжамдар айтыла бастады. Мысалы Orda порталының жазуынша, жоба ресейдің қолына өтуі мүмкін. Нақты айтқанда, Умар Кремлев есімді азаматтың бақылауына берілуі мүмкін. Ол Ресейде де букмекерлермен жұмыс істейтін дәл осындай жүйені басқаратын адам.

Умар Кремлёв: Үлкен бизнестің жалғыз ойыншысы

Бүгінде  Ресейде ғана емес, халықаралық аренада аты танымал Умар Кремлёв құмар ойындар мен лотерея саласының алпауыты. Ол 1982 жылы Тәжікстанда дүниеге келіп, кейін Серпухов қаласына көшіп келген. Шын тегі Лутфуллоев. 2010 жылы ол өз фамилиясын Кремлёвке өзгертеді. Аңыз бойынша, ол анасының қыз күніндегі тегі болған.  Сарапшылардың айтуынша, ол фамилиясын мансап үшін өзгерткен.  Кремлёв кейін дінін де ауыстырған. Исламнан христиандыққа өтті. Бәрі де Кремльге, билікке бір табан жақындау үшін жасалған айла дейді сарапылар.

Кремлёвтің алғашқы саяси және қаржылық беделі Серпухов қаласынан бастау алған. 90-жылдарыаталмыш өңір Ресейдегі ең ықпалды қылмыстық топтардың бірі – Подольск ОПГ-нің бақылауында болған. Умар дәл осы ортада өскен. Бокс үйірмелеріне қатысып жүріп, қылмыстықәлемнің адамдармен танысты.

Кейін оның қолдаушылары қатарында Ресей спорт министрі болған, Подольск ОПГ-мен байланысы бар Борис Иванюженков (лақап аты – Ратан) пен Сергей Лалакин (Лучок) секілді тұлғалар болды. Олар Кремлёвті спорттық алаңға шығарып, болашағына жол ашып берген.

Кремлёвтің империясы: Авто, бокс, лотерея, ставкалар

Ресейдегі ең ірі автодилерлік холдинг – ROLF компаниясының активтері қазір Кремлёвпен байланысты тұлғаларға тиесілі. Бастапқыда бұл компания оппозициялық саясаткер Сергей Петровқа тиесілі еді, бірақ кейін билік арқылы иесі ауысып, Кремлёвтің орбитасына өтті.

2015 жылы “Патриот” промоутерлік компаниясын құрды. Рой Джонс сияқты бокшылардыРесейге тартып, Путинмен жеке кездесулер ұйымдастырған. Қазір ол Халықаралық бокс қауымдастығының  президенті. Осылайша, Кремлёв бокстың әлемдік сахнасында басты ойыншыға айналды.

Құмар ойын бизнесі Ресейде ғана емес, елімізде де аса табысты сала. Кремлёв осы нарықты толық өз бақылауына алған.

«Фонбет», «Лига Ставок», «Пари» – Ресейдегі ең ірі букмекерлік компаниялар. Кремлёв бұл құрылымдарға 2022–2023 жылдары иелік ете бастады.

Лига Ставок – сенімді тұлғалар арқылы бақылауға алынды.

2021 жылдан бастап Ресейде барлық құмар ойындарды бақылау үшін арнайы мемлекеттік орган құрылды. Құрылған жүйе әр ставканы тіркеп, бақылап, салықты реттеп отырады. Алайда оны да Кремлёв өзіне қаратып алды. Ол енді нарықтың әрі ойыншысы, әрі бақылаушысы.

Ресейде заң бойынша лотерея тек мемлекет тарапынан өткізіледі. Бірақ операторы жеке компания. Кремлёв осы саланың беткеұстары. Оның компаниялары “Первый каналдан” бастап, тележұлдыздарға дейін бәрін жаулап алған. Ол өз қоластындағы спортшыларды, жастарды, тіпті блогерлерді идеология құралына айналдырып алған. Олар енді тек чемпион емес, қазіргі режимнің бет-бейнесі. Олар  Путиннің идеяларын тарататын трибуна дейді сарапшылар.

2024 жылы ресейлік букмекерлер жарнама мен маркетингке 84 миллиард рубль жұмсаған. 600 миллиард рубльге жуық жылдық айналым да оның қалтасында. Статистикаға қарап, нарықтың қандай ауқымға жеткенін және қандай ойыншылар пайда тауып жатқанын көруге болады.

Кремлёвтің өткен өмірі аянышты. Ол түрлі қылмыстық баптар бойынша айыпталған. Оның ішінде шабуыл да, бопсалау да бар. Ал қазір оған ешкім тиісе алмайды. Кремлёвтің басты қорғаушысы – Алексей Рубежной, ФСБ-ның генерал-майоры, Путиннің жеке қауіпсіздік қызметінің басшысы. Сондай-ақ, Федерация боксының бақылау кеңесінде Игорь Сечин де бар. Ол “Роснефть” басшысы, Путиннің сенімді серігі. Яғни, Кремлёв жүйе адамына айналған. Енді ол  орден иегері, Кремль қонағы, халықаралық ұйым басшысы.

Көріп отырғанымыздай, Ресейде букмекерлік нарық, лотерея, автодилерлер, медиа, бокс сынды бірқатар ірі нарықтың барлығы бір адамның қолына өтіп кеткен. Умар Кремлёв – заманауи Ресейдің символына айналған дейді сарапшылар. Ал мұндай сценарий Қазақстан үшін ескерту болуы мүмкін бе?

Қазір Қазақстанда іске қосылғалы жатқан Бірыңғай есеп жүйесі барлық букмекерлерді, ставкаларды, және ойыншыларды бақылауға арналған ұлттық жүйе. Ресми түрде ол мемлекет меншігінде болуы тиіс. Алайда қоғамдағы пікірлер рас болып  шықса, онда қазақстандық ойыншылардан түсетін миллиардтаған табыс Ресейге кетуі мүмкін, ең сорақысы бір адамның қалтасына түседі.

«Егер расымен солай болса, онда қазақстандықтардың ставкасынан түскен ақшаның бір бөлігі Ресейге кетуі мүмкін. Одан әрі ол қаражат қайда жұмсалатыны белгісіз. Соғысқа жұмсалып кетпей ме?», - деп түйіндеді Михаил Козачков.

 

Барлық жаңалық