Жылдың алғашқы алты айында елімізде сауда инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жарты жылдың ішінде республика бойынша 54 жаңа сауда үйі, 60 супермаркет және 176 минимаркет іске қосылған, деп жазады Ozgeris.info.
Сауда үйлерінің жалпы аумағы 87,3 мың шаршы метрге жетіп, құрылысына 39,7 млрд теңге жұмсалған. Әсіресе Шымкент (15 нысан) пен Қызылорда облысында (14 нысан) бұл бағытта белсенділік байқалды.
Супермаркеттер де көбейді. Жыл басынан бері елімізде 60 супермаркет ашылып, олардың жалпы аумағы 39 мың шаршы метрге жуықтаған. Құрылысына 19,5 млрд теңге кеткен. Ең көп дүкендер Шымкентте (21), Жамбыл мен Түркістан облыстарында (әрқайсысында 12 нысан) орналасқан.
Минимаркеттер саны да аз емес: 176 жаңа нысан. Жалпы аумағы – 30,3 мың шаршы метр, ал құны – 11,2 млрд теңге. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан (32 минимаркет), Жамбыл (22) және Қызылорда (20) облыстары көш бастап тұр.