Meta компаниясы 2025 жылдың қазан айынан бастап Еуропалық одақ елдерінде Facebook пен Instagram платформаларында саяси жарнама сатуды тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім туралы алғаш болып Bloomberg хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Шектеу ЕО-ның жаңа талаптарымен байланысты. Одақ елдері америкалық технологиялық алпауыттың қолданушылар туралы мәлімет жинауын және платформалардағы саяси ықпалын азайтқысы келеді. Осыған дейін Meta мен Еуроодақ арасында осы мәселе бойынша келіспеушіліктер жиілеген еді. ЕО-ның талабынан соң компания өз жасанды интеллект жүйесін де одақ елдерінде уақытша іске қосуды тоқтатқан болатын.
Meta-ның бұл шешімі компанияның жалпы табысына елеулі әсер етпейді деген болжам бар. Қаржы директоры Сьюзан Ли бұған дейін саяси жарнама компания үшін аса маңызды кіріс көзі емес екенін атап өткен. Сондықтан Facebook пен Instagram-да саяси жарнамадан бас тарту Meta бизнесін күрт өзгертпейді.
Айта кетейік, бұл шектеу тек Еуроодақ елдеріне қатысты. Ал АҚШ пен басқа өңірлерде Meta әлі де саяси жарнамамен жұмыс істей береді.