23 шілде күні Гүлмира Әбішева өзінің мерейтойын сән-салтанатпен атап өтті деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кешке танымал өнер жұлдыздары мен шенеуніктер шақырылған. Қонақтардың қатарында әнші Шамхан Далдаев, Алматы қаласы Алатау ауданы полиция бөлімінің басшы орынбасары Асет Көпешбаев, оның әріптесі Самат Берістемов, Алматыдан келген судья Саида Болат, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарының жұбайы және басқа да ықпалды тұлғалар болғаны хабарланды. Бұл туралы “Президентке хаттар” атты Telegram-арна жазды.
Айта кетерлігі, салтанатты шарамен қатар, қоғамда Гүлмира Әбишеваның бизнесіне қатысты дау да қызу талқылануда. Дереккөздердің мәліметінше, ол - “GB Invest” компаниясының негізін қалаушылардың бірі. Аталған компанияның мемлекет алдында 26 миллиард теңге көлемінде қарызы бары айтылып жүр. Бұған дейін Orda порталы компанияның кедендік құнын төмендетіп, тауарлар әкелуге қатысты іске іліккенін хабарлаған болатын.
Гүлмира Әбішева - Болат Назарбаевтың тұңғыш әйелі Гүлжан Назарбаевамен некесінен туған үлкен қызы. Ол еңбек жолын құқық қорғау саласында бастап, кейін әділет органдарында, Алматыдағы жылжымайтын мүлік тіркеу басқармасында жұмыс істеген. 2006 жылдан бері сот саласында еңбек етіп, Жетісу мен Қарасай аудандық соттарын, сондай-ақ Қарасай әкімшілік сотын басқарған.