Алматы облысы

ТЭЦ-2 әлі көмірмен жұмыс істеп тұр: Алматыны улап жатқан жүйе кімге тиімді?

ТЭЦ-2 әлі көмірмен жұмыс істеп тұр: Алматыны улап жатқан жүйе кімге тиімді?

Алматы ірі мегаполис. Сондай-ақ, әлемдегі ауасы лас елдердің алдыңғы қатарына жайғасқан қала. Жыл он екі ай ауасы ластанып, аспаны сұр түтінге оралады. Әсіресе қыс мезгілінде тыныс алу тіпті қиын. Қаланың басты ластаушы көздерінің бірі – ТЭЦ-2 жылу электр станциясы. Бұл нысан 1980 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Әлі күнге дейін Екібастұздың жоғары күлді көмірін қолданады. Станцияны газға көшіру туралы бастама бұрыннан талқыланып келеді, десе де бүгінгі күнге дейін ешнәрсе өзгерген жоқ. Тұншығып жатқан халықтың өмірі мен денсаулығына кім жауапты? Газдандыру жобасы неге әлі іске асқан жоқ? Көмір шығаратын «Богатырь» кенішінің рөлі қандай? Газға көшу тарифтерге қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеп көрді.

ТЭЦ-2 бастапқыда қаланы жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында салынған еді. Арада 40 жылдан астам уақыт өтсе де, станция толықтай жаңартылған жоқ. Ал станцияшығаратын зиянды қалдықтар Алматы ауасының 30%-ға жуығын ластап отыр. Қала тұрғындары әрдайым наразылық білдіріп, шешімін күтіп жүргеніне ұзақ уақыт болды.

2020 жылы аяқталуы керек еді...

ТЭЦ-2 газға көшеді дегенді естіген алматылықтар талай жылдан бері үміт артып келеді. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмысты 2020 жылға дейін аяқтауды тапсырған еді. Алайда қазіргі жоспар бойынша станция 2026 жылдан ерте газға көшпейді.

Біріншіден, негізгі құрал-жабдықтар, яғни, газ турбиналары мен қазандықтар ұзақ уақыт бойы қолжетімсіз болды. Siemens компаниясы оларды басқа тапсырыс берушіге сатып жіберген. Тек жуырда ғана құрылғылар жеткізілді. Екіншіден, жобаның құрылымы өзгертілді: газтурбиналық блоктардан бұрын су қыздырғыш қазандықты іске қосу шешілді.

Су қыздырғыш қазандық биыл  іске қосылады.

Екінші кезеңде, Siemens газ турбиналарымен жабдықталған ПГУ блогы мен екі КОГТУ блогы, ол2026 жылға жоспарланған.

2024 жылы жарияланған халықаралық IQAir ауа сапасы рейтингінде Алматы әлем бойынша бірінші орынға шықты. Ластану индексі 256 балды құрап, денсаулыққа өте қауіпті деңгей деп танылды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл тізімде Каир, Дели мен Ухань да бар. Әрқайсысында 10 миллионнан астам халық тұрады. Ал Алматының небәрі 2 миллионнан аса халқы бар.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёвтің айтуынша, ТЭЦ-2 жыл сайын атмосфераға 37 500 тонна зиянды зат шығарады. Яғни, Алматыдағы ең ірі ластану көздерінің бірі. Қыс мезгілінде станция күніне 80 вагонға дейін Екібастұз көмірін жағады. Оның жартысына жуығы күл, яғни толық жанбай қалатын қалдық. Ол күл тек күл үйінділерінде ғана емес, қалалықтардың өкпесінде де жиналып жатыр. Ал станция толық газға көшсе,  бұл көрсеткіш жылына небәрі 2 500 тоннаға дейін төмендемек.

«Богатырь» мүддесі

Газға ауысудың басқа да себептері бар дейді сарапшылар.  «Богатырь» көмір кенішінің экономикалық мүддесі. Бұл кеніштен ТЭЦ-2-ге жоғары күлді Екібастұз көмірі жеткізіледі. Ол көмірдің күлділігі 48 пайызға дейін жетеді – яғни көмірдің жартысына жуығы жанбай, шлак пен күлге айналады.

«Богатырь» – ТЭЦ-2 сияқты «Самұрық-Энерго» холдингіне қарайды. Осылайша, бір активтің пайдасы бүкіл мегаполис үшін экологиялық апатқа айналып отыр. «Богатырь» табыс тауып жатқанда, алматылықтар денсаулығымен есеп айырысып жатыр.

Лондон тәжірибесі

Мұндай жағдай тарихта бұрын да болған. 1952 жылы Лондонды улы көмір түтіні «Ұлы смог» басып қалды. Ол 12 мың адамның өмірін қиды. Осы қайғылы оқиғадан кейін 1956 жылы Ұлыбритания таза ауа туралы заң қабылдап, газға көшуді бастады. 1980-жылдары Маргарет Тэтчер энергетика саласына реформа жасап, газ желісін кеңейтті, электр станцияларын жекешелендірді. Соның нәтижесінде смог жойылды, ал тыныс алу ауруларынан өлім деңгейі күрт төмендеді.

Газ қымбат. Тарифтер қаншалықты өседі?

2025 жылдың басында коммуналдық қызметтер қымбаттады. Мысалы, үш бөлмелі пәтер үшін 75 000 теңге, оның ішінде 30 000 теңге тек жылу үшін келген.

Газға көшкен жағдайда тарифтер тағы өседі. Өйткені газ – көмірден әлдеқайда қымбат, ал инфрақұрылым құрылысы арзан емес. Жобаның 80 пайызы үш банктен алынған несие есебінен, ал қалғаны «Самұрық-Энерго» бюджеті арқылы қаржыландырылып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, жылу тарифі 1,5–2 есе өсуі мүмкін.

Тағы бір қауіп – сейсмика

Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан ТЭЦ-2 сияқты стратегиялық маңызы бар нысандар тек экологиялық қана емес, жер сілкінісіне төзімді болуы тиіс. Жаңа құрылыс 10 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей жобалануда.

2018 жылдан бастап билік бұл нысанды газға көшіру туралы жоспар жариялады. Президент Тоқаев 2020 жылы бұл жұмысты тездетуді тапсырды. Алайда арада бірнеше жыл өтті, ТЭЦ-2 әлі де сол баяғы көмірмен жұмыс істеп тұр. Жаңа жоба 2026 жылға дейін ғана жүзеге асуы мүмкін деген ақпарат бар. Оның өзі бюджет тапшылығы мен инвесторлармен келісімге келе алмау сияқты себептермен кейінге шегерілген.

Барлық жаңалық