Астана қаласында Қорғалжын тасжолының бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылды. Бұл туралы елордалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы мәлімдеді, деп жазжы ozgeris.info сайты.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бұл жағдайға қатысты ресми хабарлама таратты. Мекеме өкілдері таратқан мәтінде жол жөндеу жұмыстарының мән-жайы толық түсіндірілген:
"Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Қорғалжын тасжолының Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аумағында жол төсемін ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп жатқанын хабарлайды. Жұмыстар кепілдік міндеттемелер аясында мердігер ұйымның қаражаты есебінен жүргізілуде. Осыған байланысты жетінші маусым күні аталған учаске ішінара жабылады. Қозғалыс екі бағытта да жолдың бір жағымен ұйымдастырылады".
Жауапты мамандар елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды. Бұл көшелердегі үлкен кептелістерді болдырмау үшін өте маңызды қадам.