Әлеуметтік желіде Kaspi.kz қосымшасындағы тауар жеткізу құнының әртүрлілігіне қатысты шу шықты. mnshkv.tse есімді қолданушы өз парақшасында бұл жағдайға қатты наразылығын білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тұтынушының айтуынша, ол үйіне шкаф сатып алмақ болған. Алайда, қосымшада тауарды жеткізу құны өзі үшін ақылы, ал әйелі үшін тегін болып көрінген. Бұл сөздеріне дәлел ретінде бірнеше скриншот жариялады. Онда сатушының да , тауардың да, тіпті жеткізу мекенжайының да (Мағжан Жұмабаев даңғылы) мүлдем бірдей екені анық көрінеді.
Скриншоттарға сәйкес, Желі қолданушысы үшін қалааралық жеткізу ақысы 6 995 теңгені құраған. Ал дәл сол уақытта әйелінің парақшасында бұл қызмет тегін деп көрсетілген. Желі қолданушысы екі парақшада да төлем бір картамен жасалатынын айтты. Ол Kaspi-ді "клиенттерді сыныптарға бөліп, алдайды" деп айыптады.
Көп ұзамай бұл жағдайға Kaspi.kz компаниясының ресми өкілдері жауап берді. "KaspiГид" желі қолданушысына бұл мәселе бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ, компания өкілдері ірі көлемді тауарларға, соның ішінде шкафтарға Kaspi Жеткізу қызметінің жеке құны қолданылатынын атап өтті.