Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов ғалым, қоғам қайраткері Серікбай Нұрғисаевты 70 жас мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнер майталманы көпжылдық достық пен бауырластық қарым-қатынасты ерекше атап өтті.
«Біздің бір-бірімізге деген сый-құрметіміз жан дүниемізде. Бір-бірімізді үнсіз ұға білетін ұрпақпыз. Әрине, Секеңмен арамызда достығымыздан бөлек, ағалығым да бар. Өтпеймін деген өткелден өткізіп, төзбеймін деген дүниеге төздіретін тағдырдың соқтықпалы-соқпағы маған жақсы таныс. Басымa қабат-қабат бұлт төнгенде, от ішінде күйгенімде тырс етіп үндемесем де мені қас-қабағымнан түсінген азаматтығына қарыздармын, қалқам», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол мерейтой иесіне ақжарма тілегін арнады.
«Ал мен сенің кішілігің мен кісілігіңнен айналдым, алтын бауырым. Сен мені көлеңкеңмен қорғап жүретін жанашырымсың, жарығым! Өмірдің ыстық-суығында жанымнан табылған жақсы адамым, жақын бауырым Секе-Гүлнұржан, көкелерім тойларың тойға ұлассын! Қос құлындарыңның қызық-қуанышы көп болсын», – деді Нұрғали Нүсіпжанов.