Журналист Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлаған продюсер Баян Мақсатқызы мен Алагөзовтер отбасы туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Ол Алагөзовтер отбасын қоғамға үлгі боларлық жанұя деп атап, олардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген үлесін ерекше бағалады.
«Алагөзовтердің отбасы жабайы буржуазия заманы аяқталғанының айқын дәлелі. Саналы қоғамға бетбұрыс, “өле жемей, бөле же! Халықпен бірге бол! Ортақ қазанға құйып, берекесін елмен бірге көр!” деген идеологияны қалыптастырып жатқан бірден бір отбасы. Алагөзовтердің барлық активтері тек Қазақстанда! Осында өндіріп, елде сатып та, сыртқа да шығарады. Отандық брендті дамытуға қосып жатқан үлесі сала-салада жүріп жатыр», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ ол Меруерт Өтекешованың жаңа баспанаға ие болуын қазақы дәстүр мен құрметтің көрінісі ретінде бағалады.
«Ал, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін адамдар ретінде бүгін соның асқақ шыңын көрсетті. Жұртта қалған Қыз Жібегімізді салтанатты түрде, мәртебесіне сай – Патшайымдай сұлуымыздың өзі қалаған жерінен, өзінің сұқ саусағымен көрсететін Ақ Шаңқайлы үйіне құрметтеп қоныстандыратын болды. Міне, жомарттық, міне дәріптеу деген қандай болу керек!» – деді Дана Нұржігіт.
Журналист жазба соңында Баян Мақсатқызына ризашылығын білдіріп, бұл әрекетті көпшілікке үлгі етті.
«Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды. Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды деп Ақтамберді жырау айтпақшы, менің де, сенің де Меруерт апайымызға көмегімізді беруге бар жанымыз күйіп тұр! Бірақ, оған қолың қысқа, қалтаң жұқа болған соң ортамызда кім бар еді деп мойын созасың ғой. Осындай да “Мен бармын!” деп оқ болып атылған жалғыз қызымыздың үнін естіп төбем көкке бір-ақ жетті-ау! Жарайсың, Баян!» – деп жазды ол.