✅ Пайдалы

Несиені ерте жапқан қазақстандықтар банктерге айыппұл төлеуге міндетті емес

Несиені ерте жапқан қазақстандықтар банктерге айыппұл төлеуге міндетті емес

Қазақстанда азаматтар несиесін мерзімінен бұрын өтегені үшін банкке айыппұл немесе қосымша комиссия төлеуге міндетті емес. Бұл талап бұрын рәсімделген қарыздарға да қолданылады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тиісті заңнамалық өзгерістер 2025 жылғы 31 тамызда күшіне енген. Содан бері жеке тұлғалар банктен немесе микроқаржы ұйымынан алған несиесін кез келген уақытта айыппұлсыз толық немесе ішінара өтей алады.

Мәселен, азаматтың несиесін төлеуіне әлі екі жыл қалса, бірақ қарызды жабуға жеткілікті қаражаты болса, ол қалған берешегін мерзімінен бұрын өтей алады. Мұндай жағдайда банк қарызды ерте жапқаны үшін айыппұл талап ете алмайды. Қарыз алушы тек негізгі берешек пен ақшаны нақты пайдаланған кезеңге есептелген пайыздарды төлейді.

Несиені ішінара өтеудің де тиімді тұстары бар. Егер азамат ай сайынғы төлемінен артық ақша салса, қарыздың қалған сомасын азайтуға мүмкіндік алады. Бұл ретте екі нұсқаның бірін таңдауға болады: несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлем мөлшерін азайту.

Бірінші жағдайда азамат бұрынғы соманы төлей береді, бірақ қарызынан ертерек құтылады. Әдетте бұл тәсіл пайыздық артық төлемді көбірек үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал екінші нұсқа ай сайынғы қаржылық жүктемені азайтқысы келетіндерге қолайлы.

Дегенмен банктер мен микроқаржы ұйымдары мерзімінен бұрын өтеудің ішкі тәртібін белгілей алады. Сондықтан қосымша ақша аудармас бұрын оның негізгі қарызды өтеуге жұмсалатынын, төлем кестесінің қалай өзгеретінін және арнайы өтініш қажет пе екенін нақтылаған жөн.

Мамандар несиені толық жапқаннан кейін банктен берешектің жоқтығы туралы анықтама алуға кеңес береді. Ал ипотека өтелген жағдайда жылжымайтын мүлікке қойылған кепілдік шектеудің алынғанын тексеру қажет.

Барлық жаңалық