Қоғам

Нұрасыл Медеу Дженсен Хуангпен Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады

Нұрасыл Медеу Дженсен Хуангпен Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады

Qazaq AI Research University негізін қалаушы, Халықаралық киберспорт федерациясының даму жөніндегі директоры Нұрасыл Медеу NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуангпен кездесті, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Тараптар Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Нұрасыл Медеу Instagram парақшасында хабарлады.

Кездесу Астанада өтіп, онда TengriAI жобасы мен Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жоспарлары сөз болды.

Нұрасыл Медеудің айтуынша, TengriAI жобасының негізгі мақсаты – Қазақстанның энергетикалық ресурстарын жасанды интеллект саласында тиімді пайдалану. Атап айтқанда, әлемде жасанды интеллект технологияларына сұраныс артып отырғандықтан, осы бағытқа қажетті есептеу инфрақұрылымын құру көзделіп отыр.

– Біз TengriAI арқылы Қазақстанның энергетикалық ресурстарын жаңа бағытта пайдаланғымыз келеді. Ол үшін әлемде жасанды интеллектке деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ететін есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, – деп жазды Нұрасыл Медеу.

Ол NVIDIA басшысымен әңгіме барысында жасанды интеллект саласының болашағына қатысты маңызды мәселелер қозғалғанын атап өтті.

Нұрасыл Медеудің пікірінше, елдердің жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін дамытуы тек жаңа технологияларға қол жеткізумен шектелмеуі керек. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым, сапалы техникалық білім және технологиялық жүйелерді жасап, жетілдіре алатын білікті мамандар қажет.

– Әңгімемізден бір маңызды ой есімде қалды. Елдер жасанды интеллект саласындағы өз мүмкіндіктерін дамытуы керек. Ол үшін технологияға қол жеткізу жеткіліксіз. Тиісті инфрақұрылым, мықты техникалық білім және осы жүйелерді құрып, жетілдіре алатын мамандар қажет, – деді ол.

Нұрасыл Медеу жасанды интеллект дәуірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан Дженсен Хуангпен өз жоспарларын бөлісіп, саланың болашағына қатысты пікірін тыңдау маңызды болғанын жеткізді.

Ол TengriAI жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмысты командасымен бірге жалғастыратынын атап өтті.

Еске салайық, 23 қазанда NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Астанаға келіп, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жобаларымен танысты. Сапар барысында еліміздегі технологиялық инфрақұрылымды дамыту, мамандар даярлау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Барлық жаңалық