Каспий теңізінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова Каспийдегі қайғылы оқиғаға тура бір ай толуына орай жүрек ауыртарлық жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Бір ай – ата-аналар балаларынан айырылды. Бір ай – баласын енді ешқашан құшағына баса алмайтынын жүрегі қабылдай алмай жүрген ата-аналар. Бір ай – ұлының әскерден оралмайтынын түсінуге мәжбүр болған аналар. Бір ай – орындалмай қалған армандар. Бір ай – қиранған үміттер. Бір ай – қара жамылған отбасылар. Бір ай – баласының есіктен кіріп келуін әлі де күтетін жүректер…
Бір ай – баласының дауысын есту үшін бар дүниесін беруге дайын аналар. Бір ай – кеше ғана бірге күлген, бірге арман құрған достардың орны ойсырап қалған күндер… Бір ай – бір сәтте өзгерген тағдырлар. Бір ай – уақыт тоқтап қалғандай күй кешкен жандар. Бір ай – біреулер үшін күнтізбедегі жай ғана күндер өтсе, біреулер үшін әрбір таң сағынышпен, әрбір түн көз жасымен атқан күндер. Бір ай – дүниенің бұрынғыдай болмайтынын ұқтырған қасірет…
Самал Кеуелова осы бір ауыр оқиғаның ешкімнің жадынан ешқашан өшпейтінін жеткізіп, перзентінен айырылған отбасыларға көңіл айтты.
«Бір ай өтті. Бірақ жүректегі жараға уақыттың өзі де ем бола алмай тұрғандай. Біреулердің баласы үйіне оралды… Біреулердің баласы мәңгілікке сағынышқа айналды… Бір үйде қуаныш, бір үйде үнсіздік… Бір ана баласын құшақтап отыр, енді бір ана баласының суретін құшақтап отыр… Осы бір қасіретті күннің қаралы естеліктерінің арасында Ақжолдың аман қалғаны – жүрекке медеу болған бір сәуле… Азаматтың есімі де сол бір күннің естелігінде қалды. Азамат пен 13 сарбаздың есімі жүректердегі сағыныш пен қимастықтың арасында қалды…Біреудің амандығына шүкір етіп, біреудің жоқтығына жүрек сыздайды. Біреудің оралғанына қуанып, біреудің мәңгілікке оралмайтынына сенгісі келмейді. Бір ай бұрын басталған бұл қасіретті ешкім ұмытқан жоқ… Ұмыту мүмкін де емес…Алла тағала перзентінен айырылған ата-аналарға сабыр берсін… Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын, асыл балалар… Армандары өздерімен бірге үзілген боздақтардың рухы шат болсын. Бір ай. Бірақ жүректер үшін бұл – кеше ғана болған қайғы», – деп жазды Самал Кеуелова.