Қоғам

Арыс әкімінің ұлы қатысқан апат: Екі аяғынан айырылған студенттің ісі қайта қаралатын болды

Арыс әкімінің ұлы қатысқан апат: Екі аяғынан айырылған студенттің ісі қайта қаралатын болды

Астана – Павлодар тасжолында 21 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына себеп болған жол апатына қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл туралы зардап шеккен жігіттің әпкесі Гүлсім әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күші жойылып, іс сотқа дейінгі тергеу кезеңіне қайтарылған. Сондай-ақ отбасының жолдаған өтініштері мен шағымдары қанағаттандырылған.

Гүлсім істің қайта қозғалғанын түпкілікті жеңіс деп санауға әлі ерте екенін атап өтті. Отбасы жол апатының барлық мән-жайын толық анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуді жалғастырмақ.

Еске салайық, жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Көлік металл қоршауға соғылып, қоршау салонды тесіп өткен. Салдарынан 21 жастағы Талғат ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.

Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы болған. Апаттан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғаған. Алайда 16 қыркүйекте қылмыстық іс рақымшылық актісі негізінде тоқтатылғаны белгілі болды.

Барлық жаңалық