Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құрады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ал медианалық жалақы 348 415 теңгеге жетті. Яғни, жұмыс істейтін азаматтардың жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алады. Ең жиі кездесетін жалақы мөлшері саналатын модальды көрсеткіш 187 006 теңге болды.
Сонымен қатар ерлер мен әйелдердің сағаттық еңбекақысы арасында айырмашылық сақталып отыр. Ерлер орта есеппен сағатына 2 859 теңге алса, әйелдердің көрсеткіші 2 180 теңгені құрады. 2025 жылмен салыстырғанда ерлердің сағаттық жалақысы 8,4 пайызға, ал әйелдердікі 6,5 пайызға өскен.
Жас ерекшелігі бойынша ең төменгі орташа жалақы 16-24 жас аралығындағы қызметкерлерге тиесілі. Бұл топтың айлық табысы 310 256 теңге болған.
Ал ең жоғары жалақы 35-44 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелді. Олардың орташа айлық табысы 489 629 теңгеге жеткен. 45-54 жас аралығындағы қызметкерлер орта есеппен 467 544 теңге жалақы алады.
Жалақының өсім қарқыны бойынша да жас топтары арасында айырмашылық бар. Ең жоғары өсім 16-24 жастағы қызметкерлер арасында байқалып, 10,9 пайызды құрады. Ал 65 жастан асқан азаматтардың жалақысы небәрі 1,3 пайызға артқан.