Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Полицияға биыл мамырда Ерейментау ауданындағы ауылдардың бірінен 77 жылқының жоғалғаны туралы арыз түскен. Келтірілген шығын 25,4 миллион теңгеден асқан.
Тергеу мәліметінше, Степногорск қаласының тұрғындары көктемде жылқыларды ұрлап, қораларда ұстап, біртіндеп сатқан. Нәтижесінде 40-тан астам жылқы табылып, иесіне қайтарылды.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Олар бұрын мал ұрлығы үшін сотталғандарды тексеріп, ет базарлары мен ұрланған малды өткізуі мүмкін басқа да орындарды зерттеді.
Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар Степногорск қаласының тұрғындары – әкесі мен баласы болып шықты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер көктемде ұрланған жылқыларды Ерейментау ауданынан Степногорск қаласына айдап әкеткен. Олар малды қала сыртындағы қораларда ұстап, кейін біртіндеп сатқан. Қазіргі уақытта әкесі мен баласы қамауда отыр. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.