Қоғам

Дәретханада телефон қолдану геморрой қаупін 46 пайызға арттыруы мүмкін

Дәретханада телефон қолдану геморрой қаупін 46 пайызға арттыруы мүмкін

Дәретханада ұзақ уақыт телефон қарау геморройдың пайда болу қаупімен байланысты болуы мүмкін. АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеу смартфон қолданатын адамдар арасында бұл аурудың қаупі 46 пайызға жоғары екенін көрсетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

PLOS One ғылыми журналында жарияланған зерттеуге 125 адам қатысқан. Олардың 66 пайызы дәретханада телефон пайдаланатынын айтқан. Қатысушылардың әдеттері мен медициналық тексеру нәтижелерін салыстырған ғалымдар смартфон қолдану мен геморрой арасында байланыс бар екенін анықтады.

Зерттеу барысында телефон пайдаланатын адамдардың 37,3 пайызы дәретханада бес минуттан артық отыратыны белгілі болды. Ал телефон қолданбайтындар арасында бұл көрсеткіш небәрі 7,1 пайызды құраған.

Ғалымдардың түсіндіруінше, мәселе смартфонның өзінде емес, оны пайдалану кезінде адамның дәретханада ұзақ отыруында болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тік ішек маңындағы қан тамырларына түсетін қысым артып, геморройдың пайда болуына ықпал етуі ықтимал.

Зерттеуге қатысқандардың 54,3 пайызы дәретханада жаңалық оқитынын, ал 44,4 пайызы әлеуметтік желілерді қарайтынын айтқан. Телефон пайдаланушылардың бір бөлігі осы әдеттің салдарынан дәретханада жоспарлаған уақытынан ұзақ отыратынын мойындаған.

Мамандар дәретханада телефон қолдануды шектеп, ұзақ отырмауға кеңес береді. Сонымен қатар іш қатудың алдын алу, жеткілікті су ішу және талшыққа бай тағамдарды тұтыну да маңызды.

Дегенмен зерттеу смартфон қолдану геморройды тікелей тудыратынын дәлелдемейді. Ғалымдар анықталған байланысты толық түсіндіру үшін қосымша зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Барлық жаңалық