Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желіде шымкенттік кәсіпкер Асет Қайыпбековке қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, кәсіпкер бірнеше жылдан бері шариғат жолымен некеде тұрған әйеліне күш көрсетіп келген деген ақпарат түскен.
«Ол ешкімнен қорықпайды. Байлығы мен байланысына сенеді. Тіпті сізге шығамын десем де, “Айгүл Орынбектің өзін ите……н”, – депті», – деп жазды Айгүл Орынбек.
Белсендінің сөзінше, әйелге қол көтерген адамды ешқандай мәртебе ақтай алмайды.
«Мен үнемі бір нәрсені айтып келемін: әйелге қол көтерген адамды ақтайтын ешқандай мәртебе жоқ. Ол кәсіпкер ме, депутат па, шенеунік пе – бәрібір. Заң бәріне ортақ болуы тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ Айгүл Орынбек құзырлы органдарды аталған жағдайды жан-жақты тексеруге шақырып, ықпалды адамдар да заң алдында жауап беруі керек екенін атап өтті.
«Егер қарапайым азамат заң алдында жауап берсе, ықпалды адамдар да жауап беруі тиіс. Әділетті Қазақстан дегеніміз – аты-жөніне, ақшасына немесе байланысына қарамай, әр адамның әрекетіне заң аясында баға берілетін мемлекет», – деп жазды қоғам белсендісі.