Қаратерек ауылындағы Абай көшесінің тұрғындары үлкен қауіпке тап болды. Өзен жағалауы күн сайын опырылып, тұрғын үйлерге жақындап келеді. Бұл жағдай ауыл халқын қатты алаңдатып отыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл мәселені тұрғындар бір апта бұрын көтерген болатын. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған соң, олар қайтадан жиналып, биліктен көмек сұрауға мәжбүр болды. Абай көшесінде жиырмаға жуық отбасы тұрады. Жазғы демалыста балалардың өзен жағасына ойнауға шығатыны белгілі, сондықтан қазіргі жағдай өте қауіпті. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше күн бұрын ұзындығы 15 метр, ені 3-4 метрге жететін үлкен жер телімі опырылып, суға құлаған. Ал бес күн бұрын тағы бір бөлігі суға кетіп, қазіргі уақытта жағалау күн сайын бұзылып жатыр.
Жергілікті ауыл әкімі бұл мәселеден хабардар болғанымен, әзірге ешқандай шара қолданылмаған. Тұрғындар бұл жағдайды аудандық мәслихатқа жеткізіп, шұғыл шаралар қабылдауды талап етті. Олардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі №178-VIII Су кодексінің 8-бабында судың зиянды әсерінің алдын алу және оны жою, соның ішінде жағалаудың шайылуын болдырмау қарастырылған. Тұрғындар тиісті органдардан осы заң талаптарын орындап, мәселені тез арада шешуді сұрайды. Олар жоғарғы жақтан нақты жауап пен шұғыл әрекет күтіп отыр.