Экономист әрі публицист Айбар Олжаев БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінің көтерілуін қолдап, бұл шешім азаматтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қорғауға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды ozgeris.infoсайты.
«Зейнетақы ақшасы – ертеңгі жайлы қарттықтың кепілі. Осыны ұмытпайық. Бүгіннен бастап зейнетақы бойынша жеткіліктілік шегі айтарлықтай көтерілді. Осы арқылы мемлекет пандемия кезінде адамдар қиналмас үшін енгізілген уақытша шараны тоқтатты деуге болады. Тіпті мұны екі жыл бұрын жасау керек еді», – деп жазды Айбар Олжаев.
Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтар зейнетақы жинағын күнделікті қажеттілікке жұмсайтын қаражат ретінде қабылдай бастаған.
«Зейнетақы жинағы – қазіргі керек-жараққа төлейтін банктегі шотымыз емес. Бірақ біз бес жылда жаман үйреніп алдық та, болашақ қарттығымызға жинағанымызды бүгін құрта бастадық. Сол кезде ертең зейнет жасында жеткілікті табыссыз қалу қаупі бірден пайда болды», – деді ол.
Айбар Олжаев жеткіліктілік шегі азаматтардың ақшасын шектеу үшін емес, олардың болашақ зейнетақысын сақтау үшін енгізілген қорғаныс тетігі екенін атап өтті.
«Бұл адамның ақшасына қойылған бөгет емес. Бұл болашақтағы зейнетақысының тым төмендеп кетпеуі үшін жасалған қорғаныс механизмі. Яғни мемлекет “бұл ақшаны бермеймін” деп отырған жоқ. Мемлекет “бұл ақша сенің өзіңе керек болады, оны толық жұмсап қойма” деп отыр», – деді сарапшы.
Оның сөзінше, жаңа әдістеме зейнетақы жинағының жеткіліктілігін дәлірек есептеуге мүмкіндік береді. Онда азаматтың өмір сүру ұзақтығы, еңбек өтілі, жарналардың тұрақтылығы, инвестициялық табыстың ықтимал деңгейі және зейнет жасындағы қажетті табыс көлемі ескеріледі.
«Әсіресе бұл жас қазақстандықтар үшін маңызды. Себебі болашақта олардың зейнетақысының негізгі бөлігі өздерінің жинақтарына көбірек тәуелді болады. Алдағы 20-30 жылда адамның табысы да, жұмысы да өзгеруі мүмкін. Мұндай өмірлік сценарийлердің барлығы зейнетақы жинағына әсер етеді», – деп түсіндірді Олжаев.
Сарапшы сондай-ақ БЖЗҚ-дағы қаражат азаматтың жеке меншігі болып қала беретінін еске салды.
«Зейнетақы жинағы мемлекеттің ақшасы емес. Ол азаматтың өзінің жеке жинағы. Жеткіліктілік шегінен төмен жатқан қаражат та адамның өз шотында қала береді. Ол әрі қарай инвестициялық табыс әкеліп, көбейіп, сақталады және зейнет жасына жеткенде сол адамның өзіне төленеді», – деді ол.
Айбар Олжаевтың пікірінше, жеткіліктілік шегінің көтерілуі азаматтардың ақшасын тартып алу емес, керісінше олардың болашақтағы қаржылық тәуелсіздігін сақтауға бағытталған қадам.
«Бүгінгі шешім ертеңгі қарттықтың сапасына тікелей әсер етеді. Егер бүгін бәрін жұмсап қойсақ, ертең мемлекеттен немесе балалардан көбірек тәуелді болу қаупі артады. Ал жеткілікті жинақ сақталса, адам зейнет жасында да қаржылық тәуелсіздігін жоғалтпайды», – деп түйіндеді сарапшы.