Саясаттанушы Ғазиз Әбішов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеткіліктілік шектерінің кезекті рет көтерілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сарапшының айтуынша, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға қатысты бастама алғаш көтерілген кездің өзінде оның тиімділігіне күмәнмен қараған.
«БЖЗҚ жеткіліктілік шектерін тағы да көтеріп жатыр. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Бес жыл бұрын да зейнетақы қорындағы қаражатты жаппай пайдалану бастамасы күмәнді көрінген. Бұл құрылыс компанияларын қолдау, нарықты артық ақшамен толтыру және инфляцияны ынталандыру сияқты салдарға алып келеді», – деп жазды ол.
Ғазиз Әбішов зейнетақы жинақтарын ипотека немесе несие жабуға жұмсау түптеп келгенде құрылыс секторына қосымша қаржы құюмен тең екенін айтты.
«Зейнетақы қаражатын, яғни белгілі бір деңгейде болашақтың ақшасын, несиелерді өтеуге пайдалану – сол қаражатты құрылыс компанияларына беру деген сөз. Соның арқасында олар нарықтағы нақты сұранысқа қарамастан құрылыс көлемін сақтап қалады», – деді саясаттанушы.
Ол сондай-ақ бүгінгі қажеттіліктер үшін зейнетақы жинағын алған азаматтар болашақта мемлекеттен лайықты зейнетақы талап ететінін атап өтті.
«Адамдар ондаған жылдан кейін зейнетақы жинағын өз еркімен алғанын ұмытады. Олар бәрібір “осы ел үшін ұзақ жыл еңбек еттім, сондықтан лайықты зейнетақы беріңдер” дейді. Ал сол кездегі шенеуніктердің “сіз өзіңіз жинағыңызды шешіп алғансыз” деген уәжі аса әсерлі болмайды», – деп жазды ол.
Сарапшының пікірінше, жеткіліктілік шегінің көтерілуінен ең алдымен болашақта қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін азаматтар зардап шегеді. Ал қомақты жинағы бар ауқатты адамдар үшін қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі сақталады.
«Мұнай рентасының дәуірі аяқталып келеді, экономиканың болашағына қатысты сұрақ көп. Мемлекет болашақта барлық азаматты бірдей деңгейде зейнетақымен қамтамасыз ете ала ма – бұл үлкен мәселе. Сондықтан жинақтардың рөлі арта түседі», – деді Ғазиз Әбішов.
Оның сөзінше, зейнетақы қаражаты экономиканың жекелеген салаларын уақытша қолдауға емес, ұзақ мерзімді әрі сенімді инвестициялық құралдарға бағытталуы тиіс.
«Зейнетақы қаражаты арқылы стратегиялық маңызы жоқ салаларды жасанды түрде қолдау және соның есебінен болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын әлсірету – дұрыс шешім емес. Бұл қаражатты сенімді қор нарықтарына, ұзақ мерзімді активтерге және серпінді стратегиялық жобаларға инвестициялаған әлдеқайда тиімді», – деп түйіндеді сарапшы.