Жаңаарқа ауданы, Ұлытау облысы, 2026 жылғы 3 қыркүйек. Бүгін Мойынты – Қызылжар жаңа теміржол желісінің құрылысында елеулі оқиға болды. Екі жақтан қатар салынған рельс-шпал жолы бір-бірімен түйісті,
«Бүгін біз Мойынты – Қызылжар желісінің құрылыс тарихында із қалдыратын сәтке куә болдық», — деді «Integra Construction KZ» ЖШС бас директоры Мадияр Саттыбаев.
Оның айтуынша, осы күнге жету үшін ыстықта да, суықта да тынбай еңбек еткен екі мыңдай құрылысшы мен теміржолшы екі бағыттан осы нүктеге қарай беттеп келген.
Мойынты – Қызылжар желісінің ұзындығы 320 шақырым. Бұл жоба Trans-Kazakhstan Railway Corridor дәлізінің бір бөлігі. Осы дәліз арқылы еліміздің теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылады. Мемлекет басшысы бұл жайлы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Дәліздің шығыс тармағын, Достық – Мойынты екінші желісін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың қыркүйегінде өзі ашқан еді. Мойынты – Қызылжар жобасы осы дәлізді батысқа қарай жалғастырады.
Құрылыс алаңында екі мыңдай құрылысшы мен жеті жүзден астам техника жұмыс істеді. «Integra Construction KZ» ЖШС бас жолды 190 және 130 шақырымдық екі учаске бойымен салды. Бұл екі учаске бір желіге қосылды.
Жолдардың түйісуі жобаның қазіргі кезеңіндегі ең ұзақ учаскелердің бірінің аяқталғанын білдіреді. Алда ғимараттар мен құрылыс нысандарын салу, электр беру желілерін, автобұғаттау мен бойлық электрмен жабдықтауды, сыртқы электрмен жабдықтауды, сондай-ақ орталықтандыру және қозғалысты басқару жүйесін аяқтау жұмыстары тұр.