Жаңалықтар

Бурабай жолындағы қауіпті сапар: видео түсірмек болған қыздар мен жүргізуші жазаланды

Бурабай жолындағы қауіпті сапар: видео түсірмек болған қыздар мен жүргізуші жазаланды

Бурабай бағытындағы тасжолда өмірін қауіпке тіккен жастар жауапқа тартылды. Төртінші маусым күні елордалық студент демалысқа бару үшін "Hyundai Elantra" маркалы көлігін жалға алады. Сапар барысында оның қасындағы үш қыз терезеден денесін шығарып қауіпті әрекеттерге барған. Олар бұл сәтті ұялы телефон камерасына түсіріп көңіл көтереді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жол ережесін өрескел бұзғандар туралы ақпаратты куәгерлердің бірі жеткізген. Ол бейнежазба мен суреттерді Ақмола облыстық полиция департаментінің Instagram желісіндегі жеке хатламасына жібереді. Тәртіп сақшылары бұл дәлелдерді мұқият зерттеп шықты. Патрульдік қызметкерлер көп ұзамай жүргізушіні құрықтады. Мұндай әрекеттер көліктегілердің ғана емес өзге жол қозғалысына қатысушылардың да өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Көлік тізгіндеген жігітке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен бірге онымен жол ережесін бұзбау және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Құзырлы орган өкілдері әлеуметтік желіде танымал болуға ұмтылу адам өмірі мен денсаулығын бәйгеге тікпеуі тиіс екенін қатаң ескертеді. Қозғалыс кезіндегі кез келген абайсыз қадам орны толмас өкінішке ұласуы ықтимал. Сондықтан тәртіп сақшылары азаматтарды жол бойында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Барлық жаңалық