💰 Экономика

Құрылыс нарығы қандай алпауыттардың қолында? Олар кімдер және даулы оқиғаларына шолу

Құрылыс нарығы қандай алпауыттардың қолында? Олар кімдер және даулы оқиғаларына шолу

Құрылыс секторы ел экономикасының маңызды қозғаушы күші. Соңғы онжылдықта бұл сала қарқынды дамып, жаңа заманауи тұрғын үйлер, инфрақұрылымдық нысандар мен әлеуметтік объектілер көптеп салынуда. Осы ретте құрылыс саласы кімнің қолында екені қызық.  Қай компаниялар Қазақстан қалаларын тұрғызуда негізгі рөл атқарып отыр? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Ozgeris.info тілшісі Қазақстандағы ең ірі құрылыс алпауыттарын қарастырады. 

Айдын Рахимбаевтың бизнес империясы

BI Group 1995 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта елдегі құрылыс саласындағы ең ірі ойыншы саналады. Компанияның басты мақсаты әлемнің ең үздік 100 құрылыс компаниясының қатарына кіру.

Холдингтің құрылымына бес ірі бөлім кіреді: BI Construction & Engineering (өнеркәсіп және азаматтық құрылыс), BI Development (тұрғын және коммерциялық нысандар құрылысы), BI Infra Construction (инфрақұрылымдық жобалар), BI Property (жылжымайтын мүлікті басқару) және BI Service (клиенттермен жұмыс).

Компания 30 жыл ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелдерде жүздеген нысан салды. BI Group-тың активтерінде 4,5 миллион шаршы метр тұрғын үй, 1 700 шақырым автожол және 700 шақырым теміржол бар. Компанияның құрамында 8 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді.

BI Group-тың негізін қалаушы әрі иесі - Айдын Рахимбаев. Ол 51 жастағы кәсіпкер, автожарысшы, аңшы, қайырымдылықпен айналысатын азамат, Ironman, жазушы және Forbes Kazakhstan тізімінің тұрақты қатысушысы. Ол өзінің еңбек жолын туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Қазнаковка ауылында колхоздың құрылыс бригадасында қарапайым жұмысшы және ағаш шебері болып бастаған. 28 жасында алғашқы миллионын тапты.

2023 жылы Айдын Рахимбаев Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде 12-орынға шықты. Оның байлығы 620 миллион долларға бағаланады. Оның коммерциялық жылжымайтын мүлкінен түскен табысы шамамен 3,2 миллиард теңгені құрайды.

Оның бизнес империясы 300-ге жуық компаниядан тұрады. Мемлекеттік келісімшарттардың жалпы құны шамамен 1 триллион теңгеге жетеді. BI Group әсіресе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларында, мектептер мен ауруханалар салуда белсенді.

BI Group құрылымына кіретін General Constructors Group компаниясы да айтарлықтай ірі ойыншы. Қызметінің негізгі бағыттары тұрғын үй және коммерциялық құрылыс, инфрақұрылым салу, ауруханалар мен мектептер тұрғызу.

BI Group-тың құрамында 260-тан астам еншілес және оған қатысы бар компаниялар бар. Cоңғы 12 айдағы жалпы салық төлемдері шамамен 60 миллиард теңгені құраған. Бір компанияның өзі 2022 жылы 603 миллион теңге салық төлеген.

Engineering News Record дерегі бойынша, B Group-тың 2022 жылғы жалпы табысы 1,5 миллиард доллар. Forbes.kz мәліметі бойынша 571 миллиард теңге. Сол жылы компания 77 жоба жүзеге асырған. Одан бөлек жаңа келісімшарттардың жалпы құны шамамен 1,4 миллиард долларды құраған. B Group әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының тізімінде 193-орында тұр.

Bi Group шетелде де жұмыс істейді. Forbes дерегінше, 2018 жылы компания Ресейде, Сауд Арабиясында және Түркияда өкілдіктер ашқан. 2021 жылы өзбек девелопері Мурад Назаровпен бірге Ташкентте бірлескен жоба бастаған.

Айдын Рахимбаев көптеген қоғамдық және қайырымдылық шараларға да белсенді қатысады. Оның ең танымал жобаларының бірі «Ана үйі» қоры. Сонымен қатар ол ұлттық спорт түрлерін қолдайтын және басқа да әлеуметтік жобаларды дамытатын бірқатар қоғамдық бірлестіктердің мүшесі.

Рахимбаевтың отбасы да бизнесте белсенді. Әйелі Анар Рахимбаева көтерме сауда, сұлулық салондары мен қонақүй бизнесімен айналысады. Оның басшылығындағы Fortune Time компаниясы 2013 жылдан бері жұмыс істейді.

Айдын Рахимбаев тек құрылыс саласының ірі ойыншысы емес, сонымен қатар ІТ, мұнай-газ және стартап жобаларына да қатысатын жан-жақты кәсіпкер. Ол Smart Remont компаниясы арқылы құрылысқа арналған онлайн-платформаны дамытқан.

Айдын Рахимбаев әлеуметтік желіде ашық әрі белсенді. Алайда BI Group-тың консолидирленген қаржылық есептері ашық емес дейді сарапшылар.  Мысалы жақында осы компанияға қатысты дау болды.

Билік алпауыт компанияларға азу көрсете бастады

Мемлекеттік кірістер комитеті мен BI Group арасындағы текетірес 2021 жылы басталған болатын. Бұл туралы сарапшы Айбар Ожаев жазды.

"Оның мән-жайы Айдын Рахымбаевтың ютуб подкастқа шыққаны туралы постына мен коммент жазып, оған Мемлекеттік кірістер комитетін тегтегеннен кейін ашылғаны әлі есімде. Пікірге жауап берген МКК салық жүктемесі төмен құрылыс компанияларына салықтық тексеру жүргізіп жатқанын, олардың қатарында BI Group та бар екенін хабарлаған", - деді сарапшы. 

2021 жыл мен 2022 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша құрылыс компанияларына жалпы 11 млрд теңге қосымша салық есептелген (яғни, салық толық төленбеген). BI Group-қа қатысты 9 тексеру жүргізіліп, 900 млн теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта жалпы 33 тексеру жалғасуда, оның ішінде 15-і BI Group-қа қатысты. 

Осыдан кейін, сол жылы BI Group өз сайтында салықтан жалтару туралы ақпаратқа жауап ретінде холдингке қатысты жаппай салықтық тексерулер туралы мәліметті жалған деп атап бой бермеген еді. Компания 2021 жылы бюджетке 47 млрд теңге салық төлегенін, бұл құрылыс секторындағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап жазған. 

Бүгін де компания тура сол риторикасын өзгертпеді.

"BI Group құрылыс саласындағы ірі салық төлеуші екенін және бюджетке барлық міндетті төлемдерді адал және толық көлемде жүзеге асырып жатқанын жауапкершілікпен мәлімдейміз. Біздің компанияның салық аударымдарын уәкілетті органдар үнемі тексеріп отырады және тексеру қорытындылары бойынша шағымдар түспеген. Компания соңғы 10 жылда жыл сайын KPMG және Ernst & Young тәуелсіз халықаралық аудиторлық компанияларының қаржылық есептілік аудитінен өтеді. Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз", - деп жауап берді.

Бұл ретте компания тарапынан біршама қулық барын байқаймыз. Үкімет компания өзі есеп берген выручка сомасынан салық төлемейтінін айтып отырған жоқ, себебі ол аудиттелген ақпарат, бухесепте бар. BI Group бейресми обороты анағұрлым жоғары. Бірақ бизнес арнайы салық режимін қолданатын көптеген ұсақ ТОО-ларға бытырап кеткендіктен, бюджетке 20 пайыз КПН салық келудің орнына 3% салық қана келеді. Мысалы, 2023 жылы BI Group 549 млрд теңге выручка көрсете отырып, 48 млрд теңге салық төледі делік. Бірақ егер бизнес бытырамағанда бұл салық кемінде 53 млрд теңге болуы тиіс еді. Арада 5 млрд теңге немесе 1 мектеп жоғалып кетеді. Үкімет осыны айтып отыр.

Екінші мәселе - BI Group өзі мақтанышпен тілге тиек ететін KPMG, EY аудиттелген есептіліктерін сайтына ешқашан ашық жарияламайды. Оны талай ақпарат құралдары сұратқан болатын. Ешкім ала алмады.

Компания бүгін мәлімдемесінде "Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз" деп жазды. Ендеше керемет, ресми сайтқа аудиттелген есептілікті жариялауды күтеміз.

Пандемия кезінде салынған ауруханаларға қатысты дау туғанда да Айдын Рахымбаев тура осы схеманы қолданған болатын. Ол шулаған қоғамға біз шетелден тәуелсіз аудит жасаттық, оның есебін көрсетеміз деген еді. Борейкомен подкастқа барып, сыртынан бір томды көрсетті де, журналистердің толық танысуына бермей қойды. Ол ютубта бар.

Бизнесім ашық, процесім шынайы деген адам толық ашық жұмыс істеуі керек. Есептілікті сайтқа, депозитарийге жариялауға кім кедергі? BI Group ашықтық, шынайылық принципін ұстанбағандықтан, "неге біз туралы Премьер-Министр айтып жатыр, неге тізімге қосқан?" деп таң қалудың қажеті шамалы.

Салықтық бөлшектеу - салықтан жалтарудың күрделі түрі, ол көптеген елде қатаң санкцияларға әкеледі. Елімізде мұндай схемалар кеңінен қолданылады. Алайда, АҚШ-та салықтан жалтарғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал Францияда бұл мерзім 7 жылға дейін жетеді және ірі айыппұлдар салынады.

"Біздегі салық реформасы осындай лазейкалардың бәрін жаппақ. 2026 жылдан бастап BI Group сияқтыларға жұмыс істеу қиын болады", - деді экономист. 

Александр және Павел Беловичтердің құрылыс империясы

BAZIS-A компаниясы Қазақстанда 1991 жылдан бері жұмыс істейді. Құрылыс саласындағы ең тәжірибелі ойыншылардың бірі. Компанияның басында Александр Белович және оның ұлы Павел Белович тұр. Барлық негізгі активтер Павел Беловичтің атына рәсімделген.

BAZIS-A бүгінге дейін 16 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар, зауыттар, сауда кешендері мен көлік жолайрықтарын салған. Корпорация салған нысандардың қатарында Алматыдағы Almaty Arena спорт кешені, «Нұрлы Тау» бизнес-орталығы, Астанадағы EXPO-2017 павильоны, Қорғас-Шығыс қақпасы және тағы басқа ірі жобалар бар.

Компания өз жобалары үшін бірнеше мәрте халықаралық марапаттарға ие болған. Жыл сайын BAZIS-A Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерін іске қосып келеді.

Александр Белович - 68 жастағы кәсіпкер, кәсіби құрылысшы, еңбек жолын «КазПромНИИпроект» және Алматы үй құрылысы комбинатында бастаған. 1990-жылдары әріптестерімен бірге шағын «Базис» компаниясын құрды, ол кейін үлкен құрылыс империясына айналды. 1990-жылдардың ортасында Белович қысқа уақытқа мемлекеттік қызметке ауысып, Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған. Кейін қайтадан өз компаниясына оралды.

Бүгінде Александр Беловичтің негізгі серіктесі оның 40 жастағы ұлы Павел Белович. Құжат жүзінде барлық негізгі активтер Павел Беловичтің атына тіркелген.

Forbes Kazakhstan дерегінше, 2023 жылы Беловичтер отбасы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 14-орынға шыққан. Олардың байлығы 745 миллион доллар деп бағаланды. Коммерциялық жылжымайтын мүлік көлемі - 87 500 шаршы метр. 2023 жылғы болжамды табысы - 88,9 миллиард теңге. Бұл көрсеткіштер бойынша олар Айдын Рахимбаевтан да озып тұр.

«Базис-А» корпорациясы құрылымы күрделі, көп салалы холдинг. Компаниялардың басым бөлігі 10-30 жыл бұрын құрылған. Соңғы жылдары жаңа ашылған кәсіпорындар аз.

Нақты қаржылық есептері ашық емес. «Базис» корпорациясының бизнес серіктестерін негізінен ресми тіркеу құжаттарынан ғана көруге болады. Құрылыс қызметімен негізінен Basis Construction және Basis Development компаниялары айналысады. Бұл компаниялардың 12 филиалы мен 16 еншілес ұйымы бар.

Беловичтер бизнесінің барлық негізгі бағыттары құрылыс және девелопмент саласына тікелей байланысты. Басқа бағыттағы табысты активтері жоқ. Қосымша жылжымайтын мүлікпен айналысатын, салық төлейтін компаниялары бар, бірақ олар да негізінен құрылыс саласымен байланысты.

Беловичтер отбасының құрылыс империясы Қазақстандағы ірі ойыншылардың бірі және әсіресе Алматы мен Астана қалаларындағы белсенді құрылыс жобаларымен танымал.

Алайда BAZIS-A бизнесі де қоғам назарынан тыс қалмаған. Компания мемлекеттік тапсырыстардың ірі үлесін алып келеді. Basis Construction - холдингтің негізгі құрылыс компаниясы, оның мемлекеттік келісімшарттарының жалпы сомасы 2023 жылы 369 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш рекордтық көрсеткіш.

Тиындап салық төлейтін компанияның кейсі

Басында үй салумен ғана айналысқан бұл компанияның басын тықпаған жері жоқ. Самұрық-Қазынаның тендерлерін түгел алады десек те болады. Тіпті қазір Алматының метросын Беловичтің компаниясы қазып жатыр.

Бұл алпауыттың "Базис Констракшн" деген "дочкасы" бар. Сол компания Атыраудағы "Ұлттық индустриалды мұнайхимия технопаркінің" құрылысын жүргізді. Ел ішінде оны химзауыт деп атайды. Миллиардтар бөлінген сол жобаға жан-жақтан қосалқы мердігерлерді тартқан. Бірақ жұмысты істетіп алып, әлі күнге ақшаларын бермей жүр екен.

Мәселен "Элит Констракшн 2050" серіктестігі төрт жылдан бері 76 миллион теңгесін даулап жүр. Қосалқы мердігер жұмысшыларына жалақы төлеу үшін техникаларын сатып жіберген. Тіпті мемлекетке салығын төлей алмай, есеп-шоттарын бұғаттап тастады. Бір сөзбен айтқанда Базистің кесірінен банкрот болды. Қазір қос тарап соттасып жатыр. Бірақ банкрот болған компания мен алпауыт Базистің арпалысы "тышқан мен түйенің" текетіресіне ұқсайды. Осы күнге дейін Базисті сотта ешкім жеңіп көрген жоқ дейді білетіндер.

Сөйтсек, Базис сияқты алпауыттарға мердігер түгілі мемлекеттің шамасы жетпей жатыр екен. Салық төлеңдер, ақшаларыңды ашық көрсетіңдер, екі апта уақыт беремін деп Үкімет басшысының өзі бекер шүйлігіп отырған жоқ. Демек бұлар министр, салық комитеті дегендерді менсінбейтін де болып тұр ғой?

Мемлекеттік машина осы қарқынмен қарапайым ТОО-лардың да ала алмай жүрген ақшасын өндіріп берсе шікін? Әйтпесе, орта және шағын бизнесті қолдау керек деген Президенттің тапсырмасын Ақордадан алыс жатқан облыстар пысқырмайды да.

SAT-NS: Даулы компанияға Алматы әкімінің қатысы қандай?

Жаңа тағайындалған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының көптеген туыстары бизнеске қатысы бар адамдар. Toppress.kz хабарлауынша, оның бауырлары негізінен құрылыс саласымен айналысады.

Мәселен, жаңа әкімнің жары Жанар Мекенбаева Adata.kz мәліметі бойынша, елордада тіркелген “Мади-Ко 2008” ЖШС-нің құрылтайшысы және басшысы болып табылады. Бұл компания жылжымайтын мүлікті жалға беру және оны басқарумен айналысады. 2014 жылдан бері компания 8,8 миллион теңге салық төлеген.

2008-2011 жылдар аралығында Мекенбаева “Sat-NS” ЖШС-нің директоры болған. Бұл компания оның күйеуінің бауыры Ғабит Сатвалдиевке тиесілі.

Дархан Сатыбалдының үлкен ағасы Мұхтар Сатвалдиев Adata.kz дерегінше, “Fitness Palace”, “Nomad Stroy Company”, “Ultra Build”, “New Home Build”, “Prestige AST” және “Home Builders” компанияларының құрылтайшысы. Сондай-ақ, ол “Sat Tower” жеке кәсіпкерлігін басқарады. Оның басқаратын компаниялары барлығы 19,5 миллион теңге салық төлеген.

Тағы бір ағасы Сұңқар Сатвалдиев. Shishkin Like мәліметінше, ол “Smart Construction KZ”, “Sat Build”, “Sat Group Project” және “Каз билдинг” ЖШС-нің құрылтайшысы. Сонымен қатар, ол “Sivana” жеке кәсіпкерлігін басқарады.

Төрт компаниясы барлығы 191,8 миллион теңге салық төлеген. Бұл соманың басым бөлігі “Sat Group Project” компаниясына тиесілі. Ал “Каз билдинг” компаниясы Adata.kz дерегі бойынша әлі салық төлемеген.

Кенже бауыры Ғабит Сатвалдиев (бұрын ҰҚК-де қызмет еткен) “Кенада”, “Sat-NS”, “Sat Group Construction”, “Astana Stroy LTD”, “Астана Констракшн LTD”, “CBC Group” ЖШС-лерінің және “Palace” жеке кәсіпкерлігінің иесі.

Оның компаниялары барлығы 2 миллиард 304 миллион теңге салық төлеген. Оның ішінде ең көп салық төлегені “Кенада” (1,5 миллиард теңге), ал ең аз салық төлегені “Астана Констракшн LTD” (357 мың теңге). 

Сонымен қатар, Дархан Сатыбалдының жұбайының туыстары да бизнестен шет қалмаған. Мысалы, оның қайнысы Қанат Мекенбаевқа “Бекзат Сервис” ЖШС тиесілі. Бұл компания автобус тасымалымен және денсаулық сақтау саласына қатысты қызметтермен айналысады. Бұдан бөлек, ол “М-Адал” ЖШС-не де иелік етеді, бұл компания жеке қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді. Бірінші компания 2010 жылдан бері 15 миллион теңге салық төлеген. Ал екінші компания 2021 жылдың 15 шілдесінде тіркелген, бірақ әзірге салық төлемеген.

SAT-NS соңғы жылдары ел ішінде ең көп сыналған құрылыс компанияларының бірі. Компания Four Seasons тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген. Одан бөлек Малым Талдыкол көліндегі заң бұзушылықтармен аты шыққан. Су айдынында жұмыс жүргізу кезінде SAT-NS экологиялық және құрылыс талаптарын өрескел бұзып, бірнеше рет тек символикалық айыппұлдармен құтылған.

2022 жылы SAT-NS және оның серіктестері Four Seasons жобасынан бөлек, BI City Seoul тұрғын үй кешенінің тұрғындары тарапынан да сотқа тартылды. Бірақ бірінші инстанция соты құрылыс компаниясының пайдасына шешім шығарған. Құрылыс саласында ықпалды, бай отбасыға қарсы қарапайым азаматтардың өз құқықтарын қорғауы қиын екені қоғамда жиі талқыланды.

SAT-NS компаниялар тобы елордадағы Fitness Palace спорт кешенін, ARNAU PREMIUM, APPLE CITY, BRAVO және SAT CITY тұрғын үй кешендерін салды. Барлық компаниялар мен олардың жер телімдері Нұр-Сұлтан қаласындағы бір мекенжайда тіркелген. Олар алпауыт кәсіп иелері бола тұра салықты жарытып төлемейтіні жиі айтылады.  Компания иелерінің ықпалдылығы мен туыстық байланыстары қоғамда жиі сынға ұшырайды. Әсіресе, Малым Талдыкол көліндегі 21 жер телімінің құрылысқа берілуі экологтар тарапынан наразылық тудырған еді. 

Қорытындылай келе, Қазақстандағы құрылыс нарығы бірнеше ірі ойыншының қолында шоғырланғанын байқауға болады. Барлық үш компанияның мемлекеттік жобалардағы үлесі жоғары. Десе де, бәсекелестік пен қоғам алдындағы жауапкершілік туралы сұрақтар әлі де қоғамда талқылануда. Мысалы экологиялық нормалардың бұзылуы, қаржылық есептердің ашық болмауы, шенеуніктермен ықтимал байланыстары сынды күмәнді сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр. 

Барлық жаңалық