Саясат Нұрбек өз сөзінде соңғы жылдары әлемде 243 жаңа мамандық нарыққа келгенін, заман талабына сәйкес 129 мамандық бір сәтте жоғалып кеткенін айтады. Сондай-ақ ол жаңа технологиялардың дамуы барысында 2030-жылдары әлем бойынша 2 млрд-қа жуық адам жұмыссыз қалатынын да атап өтті.Оның айтуынша, пандемия кезінде онлайн форматта жұмыс жасау көптеген жұмыс берушілердің "көзін ашқан". Яғни, жұмыс күшінсіз де автоматтандырудың арқасында еңбек нарығын дамытып, жұмыс жасай беруге болады.
Сұхбат барысында Саясат Нұрбек қазір ұстаздардың басты конкуренттері — Instagram, Tik-Tok, Netflix, Marvel, Disney, Youtube желілері болғанын атап өтті. Оның басты себебі бала мұғалімнің айтқанына қанағаттанбайды, қызықпайды, одан гөрі аталған желілердегі толассыз ақпарат ағынын оқып, көруге құштар.— Қазіргі таңда ақпарат өте көп. Сондықтан балалар, оқушылар, тіпті ересектер де қиын, күрделі нәрселерді қабылдай алмайды. Қазір адамды, оның ішінде балаларды таңғалдыру өте қиын. Қазір адамды таңғалдыру үшін бірнеше планетаны "жаулап" немесе "жойып" жіберу керек. Енді, өзіңіз ойлай беріңіз, қазіргі балаларға Ньютонның заңы қажет емес. Соңғы жылдары "Нобель" сыйлығын алған тұлғалар туралы ақпарат іздесеңіз, олардың дені — нейробиология, нейропсихология, нейрофизиология салаларын зерттегендер. Сол себепті қазіргі ұстаздар алдымен балалардың нейрофизиологиясын зерттеп, ойын арқылы олардың сабаққа деген назарын аудартуы керек. Сөздің қысқасы, ұстаздар балалардың сабаққа деген қызығушылығын тудыру үшін ақпаратты, білімді ойын арқылы беруі керек. Сондай-ақ қазіргі ұстаздар педдизайн әдістерін көбірек меңгеруі керек, — дейді полиглот.
Саясат Нұрбек әңгіме барысында болашақ мамандар жұмыссыз қалмауы үшін қандай дағдыларды дамытуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген адам ең алдымен эволюциялық дағдыны қалыптастыру керек, яғни өзгерістерге дайын болуға тиіс. Екіншіден, цифрлық тұрғыда сауатты болуы керек. Үшіншіден, тұрақты үйрену дағдысын ұстану керек, яғни үнемі білімді жетілдіріп отыру қажет.— Бүгінге дейін Қазақстанда кез келген балаға мамандық таңдауда алдымен ата-анасы кеңес береді, тіпті, таңдап береді десек артық емес. Сондықтан жастарға айтарым, мамандық таңдарда өте мұқият болған жөн. Мәселен, мен бес жыл өмірімді бос өткіздім. Мен тәтемнің таңдауымен "Халықаралық құқық" мамандығын бітірдім. Бірақ бұл салада еңбек еткен жоқпын. Екіншіден, оқушылар қазіргі сұранысқа ие мамандықтарды қарамау керек. Олар қазіргі еңбек нарығында ғана қажет мамандықтар. Сіз бес-он жылда сұранысқа ие болатын мамандыққа баруға тырысыңыз. Үшіншіден, сіздің қандай дүниеге қызығушылығыңыз басым, қолыңыздан не келеді, соны дамытуға тырысыңыз. Сонда ғана жақсы маман болып шығасыз, — дейді С.Нұрбек. https://youtu.be/UKBd9RpST5o
ozgeris.info.