Шоу-бизнес

«Тағы бір ана ажал құшты»: Жұлдыз Әбдікәрімова жанайқайын жеткізді

«Тағы бір ана ажал құшты»: Жұлдыз Әбдікәрімова жанайқайын жеткізді

Танымал актриса, әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әйелдер қауіпсіздігі мен адам жауапкершілігі мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақытта жаңалықтарды қарау қиын болып жүргенін айтып, әйел өліміне қатысты ауыр жағдайларға алаңдайтынын жеткізді.

«Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.

Актриса қыз баласы үшін өз үйі мен жары қауіпсіз мекен бола алмаса, қоғамның болашағы туралы ойлану керектігін атап өтті.

«Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?» – деді ол.

Жұлдыз Әбдікәрімова мұндай жағдайларға тек ер адамның тәрбиесі мен білімсіздігін немесе қоғамның қатыгездігін себеп ретінде қарастыру жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, мәселенің түп-тамыры әр адамның адамдық қасиеті мен жауапкершілігіне байланысты.

«Меніңше, мәселе – әр адамның адамдық межесінде. Ардың межесі қандай? Ұяттың межесі ше? Жауапкершіліктің, құрметтің, мейірімнің шегі қайда?» – деп сұрақ қойды актриса.

Ол қоғамда болып жатқан оқиғаларға әр адамның қатысы бар екенін айтып, жауапкершілікті тек белгілі бір топқа жүктемеу керектігін жеткізді.

«Қоғам – мен, сен, біздің отбасымыз, біздің балаларымыз», – деп жазды Жұлдыз.

Сондай-ақ өнер иесі қоғамды өзгерту әр адамның өзінен басталуы керек екенін айтып, ата-ананы балаға адамдық пен мейірімді үйретуге, ер азаматтарды өз әрекетіне жауап беруге шақырды.

Жұлдыз Әбдікәрімова заң, білім мен тәрбие қажет екенін атап өтіп, ең алдымен әр адам өзіне сұрақ қоюы керек деген қорытынды жасады.

«Менің АДАМдық межем қандай?» – деп жазбасын аяқтады ол.

Барлық жаңалық