Жаңалықтар

Президент: Елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейді

Президент: Елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейді

Қазақстандағы мектептерге әлі де 5 мыңнан астам мұғалім қажет. Кадр тапшылығын жоюмен қатар, педагогтердің біліктілігін арттыруға басымдық беру керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Президент бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда, нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбеюде.

"Бұл жақсы үрдіс. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы — мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер. Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс.

 




Барлық жаңалық