АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігін толық және шартсыз тізе бүгуге шақырып, ескерту жасады, деп хабарлайды ozgeris.info.
Трамп АҚШ-тың Иран әуе кеңістігін толық бақылауда ұстап отырғанын және Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің қайда екенін білетінін атап өтті.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
"Қазір біз Иранның әуе кеңістігін толық бақылауда ұстап отырмыз. Иранда әуе кеңістігін бақылауға арналған жақсы жүйелер мен басқа да қорғаныс құралдары болды. Бірақ олардың ешқайсысы АҚШ-та ойлап табылған және өндірілген қарулармен салыстырғанда түк емес. Ешкім мұны АҚШ секілді жақсы жасай алмайды", – деп жазды Трамп.
Трамп АҚШ Иранның жоғарғы көшбасшысы қайда жасырынып жүргенін білетінін мәлімдеді.
"Ол – жеңіл нысана, бірақ әзірге қауіпсіз жерде. Біз оны жоюды (өлтіруді) жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ біз бейбіт тұрғындарға немесе америкалық сарбаздарға зымыран ұшырылғанын қаламаймыз. Біздің төзіміміз таусылуға жақын" – деп жазды ол.
Соңғы жазбасында Трамп Иранды толық әрі шартсыз тізе бүгуге шақырды.