Жаңалықтар

Жамбыл облысында 22 жасөспірім улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді

Жамбыл облысында 22 жасөспірім улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді

Жамбыл облысында 22 жасөспірім улану белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Олардың жасы 12 мен 17 аралығында. Балалар Қызылорда облысынан күрес бойынша оқу-жаттығу жиынына келгені белгілі болды деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жасөспірімдерге алдын ала «белгісіз этиологиядағы гастроэнтерит» диагнозы қойылған. Аурудың нақты себебін анықтау үшін науқастардан және тұтынылған тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынған. Қазіргі уақытта облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Аталған дерек бойынша полиция департаменті де тиісті тіркеу жүргізген. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оның орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов оқиға орнына барып, жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді.

 

Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жеткізілген жасөспірімдердің жағдайы тұрақты, барлығы медициналық бақылауда. Ал оқу-жаттығу жиынына қатысқан өзге 103 бала мен 13 жаттықтырушы толық тексеруден өткен, олардан ауру белгілері анықталмаған.

Барлық жаңалық