Шоу-бизнес

"Қыдырәлінің құлағына алтын сырға": Қарақат Әбілдина күйеуіне қолқа салды (ВИДЕО)

"Қыдырәлінің құлағына алтын сырға": Қарақат Әбілдина күйеуіне қолқа салды (ВИДЕО)

Танымал әнші Қарақат Әбілдина сахнада жүргеніне 25 жыл толуына орай есеп беру концертін өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info.

Өнер иесі бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, өткен жылдарға ой жүгіртті.

«Арман-ай… Бірге жүрдік бірталай, Сол күндерім – жыр талай…

Қайран жиырма бес… Күні кеше ғана сияқты еді. Міне, биыл сахнада жүргенімізге де 25 жыл толыпты. Уақыт қалай өткенін байқамай да қалыппыз», – деп жазды әнші.

Қарақат Әбілдинаның айтуынша, өзі өнерге бір кезеңде келген әріптестерінің барлығы бүгінде сахнадан өз орындарын тапқан.

«Біз өнерге бір лек болып келдік. Қай әншілер екенін айтпасам да түсінген боларсыздар. Сол әріптестерімнің әрқайсысымен мақтанамын», – дейді ол.

Әншінің сөзінше, жылдар өте көп нәрсе өзгергенімен, сахнаға және тыңдарманға деген сезім сол қалпы сақталған.

«Сахнаға деген махаббат өзгермеді. Тыңдарманмен арадағы сүйіспеншілік те бұрынғыдай», – деп атап өтті өнер иесі.

Сондай-ақ Қарақат Әбілдина биыл бірқатар әріптестерінің де сахнадағы 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырғанын айтып, алғашқылардың бірі болып бұл белесті «Музарт» тобы бастағалы отырғанын жеткізді.

«Алла қаласа, алдағы көктемде мен де халқыма есеп беріп, сахнадағы жиырма бес жылымды атап өтсем деп ойлаймын. Продюсерімнің құлағына алтын сырға», – деді әнші.

Өнер иесі осы жылдар ішінде 100-ден аса ән жазылғанын, алайда олардың барлығын бір кешке сыйғызу мүмкін емес екенін де жасырмады. Осыған байланысты ол тыңдармандарынан кеңес сұрады.

«Осы жылдар ішінде жарыққа шыққаны бар, шықпағаны бар 100 ден аса ән жазылды.
Әрқайсысының өз тарихы, өз естелігі бар. Әрине, бәрін бір кешке сыйғызу мүмкін емес.

Осы орайда сіздердің пікірлеріңізді тыңдағым келеді, сүйікті көрермен.
Концертімде қай әндерімді орындағанымды қалар едіңіздер? Пікірлеріңізді жазсаңыздар, міндетті түрде ескереміз», – деп түйіндеді Қарақат Әбілдина.

Барлық жаңалық