Экс-жайдарманшы Айбек Байназаров пойызда бейтаныс қызға қатысты орынсыз әрекет жасағанын ашық айтып, желі қолданушыларының қатаң сынына қалды. Ол бұл оқиғаны Дархан Оспановтың «Шәй әңгіме» подкастында баяндаған деп жазады Оzgeris.info.
Айтуынша, бір жолы пойызда түн бойы ішімдік ішіп, купеге оралған сәтінде өз орнында ұйықтап жатқан қызды көрген. Сол кезде бойжеткеннің жанына барып, мойнынан сүюге тырысқанын, ал қыздың қарсылық білдіргенін айтқан. Байназаров бұл жайтты күлкімен, еш қысылмай жеткізген.
Алайда аталған әңгіме әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік бұл жағдайды күлкілі емес, керісінше қауіпті әрі қорқынышты деп бағалады. Желіде:
«Бұл зорлыққа жақын әрекет», «Неге студиядағылар үнсіз тыңдап, күліп отырды?», «Мұндай оқиғаны әзіл ретінде айтуға болмайды» деген пікірлер жиі жазылуда.
Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары мұндай әрекеттерді ақтауға немесе әзілге айналдыруға болмайтынын айтып, жауапкершілік мәселесін көтерді.