Шымкентте жол үстіндегі жанжал жаппай төбелеске ұласып, соңы адам өлімімен аяқталды. Қайғылы оқиға Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған Hyundai Sonata көлігінің артқы бамперіне Toyota Camry жеңіл соққы жасаған. Осыдан кейін Toyota көлігінен үш ер адам түсіп, жанжал басталған. Көп ұзамай оқиға орнына Lexus LX-570 көлігі келіп тоқтап, одан шыққан төрт ер адам Hyundai жүргізушісі Нұрмахан Ешанқұлов пен оның жолаушылары Мақсат Көшкенбаев және Василий Колесниковке шабуыл жасаған.
Төбелес барысында Мақсат Көшкенбаев мойнынан пышақ жарақатын алып, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Ал Нұрмахан Ешанқұлов соққыға жығылғанымен, ауыр жарақат алмаған. Ал Василий Колесниковты белгісіз адамдар күшпен Toyota Camry көлігіне мінгізіп, оқиға орнынан алып кеткен.
Қанды оқиғаға ондаған жүргізуші куә болғанымен, ешкім араша түспеген. Кейбір куәгерлер тек болған жайтты видеоға түсіріп алған. Кейін полиция екі көлікті де тауып, алайда күдіктілердің оларды тастап кеткені анықталды.
Бейнебақылау камералары арқылы Колесниковтың кейін ВАЗ-2114 көлігіне отырғызылып, Түркістан облысының Ордабасы ауданы бағытына кеткені белгілі болды. Алайда күдіктілер сол сәтте қолға түспеген.
Шамамен екі сағаттан кейін Ордабасы ауданының Темирлановка ауылында, орталық аудандық аурухананың маңынан Василий Колесниковтың денесі ауыр жарақаттармен табылды.
Марқұмның танымал күрес жаттықтырушысы Александр Колесниковтың ұлы екені белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол қайғылы оқиғадан бір күн бұрын марқұм болған әйелінің жылын өткізген.
Сонымен қатар жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл дерек әзірге ресми түрде расталған жоқ. Полиция мәліметінше, бес күдіктіге іздеу жарияланған.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрайдың өліміне байланысты ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент полициясындағы екі полковникті қызметінен босатқан болатын. Басшылықта кадрлық ауыс-түйіс жүріп жатқан тұста бұл қылмыс орын алған. Енді істі бүгіннен бастап Шымкент полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев бақылауына алды.