Әлем халықтарының қаржылық таным-түсінігі сан алуан. Бірі бар тапқанын бүгін жаратып, «бір күнмен» өмір сүрсе, енді бірі ондаған жылға алдын ала жоспар құрып, әр тиынын есеппен жұмсайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 39 елдің тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, халықтың ақшамен «тіл табысу» қабілетіне нақты «диагноз» қойды, деп жазады Ozgeris.info.
Бағалау қорытындысында әлемдік орташа көрсеткіш 100-ден 60 ұпайды құрады. Бұл рейтингтегі нәтиже әр ұлттың қаржылық мәдениеті мен ертеңгі күнге деген дайындығын көрсетеді. Рейтинг шыңында Германия (76 ұпай) мен Ирландия (70 ұпай) тұр. Бұл мемлекеттердің тұрғындарына ақшаны ұқыппен ұстау – қалыпты өмір сүру әдеті. Мәселен, ирландиялық азамат жарнаманың жетегіне еріп, алғашқы кездескен банктен несие ала салмайды. Ол кем дегенде үш-төрт қаржы ұйымының шартын мұқият парақтап, қызмет ақысын есептеп, ең тиімдісін ғана таңдайды. Яғни ол өз капиталын өзгеге сыйлай салмай, жеке пайдасына жұмыс істетеді.
Орталық Азиядағы ағайындардың да нәтижесі өз алдына қызық деректер ұсынады. Өзбекстан 61 ұпай жинап, әлемдік орташа деңгейден асып түсті. Өзбек ағайындарда отбасылық бюджетті жоспарлау, яғни «келер айда не жеп, не киеміз?» деген сұраққа нақты жауап іздеу мәдениеті өте жоғары болып шықты. Ал Қырғызстан 53 ұпай еншіледі. Көрсеткіш сәл төмендеу болса да қырғыз бауырлардың ертеңгі күнге деген сенімі мен оптимизмі басым екені байқалады. Біздің бұл ресми тізімге енбеуіміз еліміздің аталған ұйымға мүше емес, тек серіктес мемлекет мәртебесінде болуына байланысты. Десе де көршілердің деректеріне қарап-ақ, Қазақстандағы жағдайдың бағытын шамалауға болатын сияқты.
Зерттеу барысында бұрынғы кеңестік елдердің инфляция ұғымын жат көрмейтіні анықталды. Халықтың 80–90%-ы ақшаның құнсызданатынын жақсы түсінеді. Себебі біз инфляцияны оқулықтан емес, күнделікті тұрмыстағы бағаның күрт өсуінен, яғни өз қалтамыздан сезіп үйренгенбіз. Дегенмен, «күрделі пайыз» секілді ұғымдарға келгенде көпшілік ақсайды. Ересектердің тек 42%-ы ғана бұл есептің мәнін дұрыс түсінеді. Тіпті депозит иелерінің жартысына жуығы (46%) өз жинақтарының қалай өсетінін толық сезінбейтін болып шықты.
Кім ақшаға мұқият, кім ұқыпсыз дегенге келсек, ақша басқарудан Германия, Таиланд, Гонконг халқы ең жоғары баға алды. Германия мен Гонконг жұрты ақшасын бүгін шашып, ертең аш отырмайды. Олар тіпті он-жиырма жылдан кейінгі шығындарына дейін есептеп қояды. Ал Таиланд халқы нағыз үнемшілдіктің үлгісін көрсетіп, артық шығынға мүлдем жол бермейді. Керісінше, тізімнің соңында Парагвай (50 ұпай) мен Йемен (42 ұпай) тұр. Бұл елдердің тұрғындары ақша есептеуге келгенде сәл еріншектеу немесе бұл бағытта тәжірибесі аз.

Цифрлық қаржылық сауаттылық (digital financial literacy) саласында да қызықты сандар бар. Бүкіл әлем бойынша орташа көрсеткіш 53 ұпайды құрады. Адамдардың 86%-ы ПИН-кодын (жеке сәйкестендіру нөмірі) ешкімге бермейтіндей сақ болғанымен, тек 49%-ы ғана қоғамдық ашық Wi-Fi желісі арқылы онлайн сауда жасаудың қаупін түсінеді. Сондай-ақ көпшілік (41%-ы ғана) криптовалюталардың ресми төлем құралы емес екенін біледі. Бұл цифрлық әлемдегі ақшамызды қорғау үшін әлі де болса білімді толықтыру керектігін меңзейді.
Ең алаңдатарлық дерек қаржылық тұрақтылық (financial resilience) мәселесінде байқалды. Әлем халқының тек 54%-ы ғана бір айлық табысына тең күтпеген шығынды (мысалы, емделу немесе техниканың бұзылуы) қарыз алмай төлей алады. Ал жұмысынан айырылған жағдайда үш ай бойы шығындарын өз жинағымен жаба алатындар небәрі 43%-ды құрап отыр...