Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі пайдалы қазыналарды заңсыз өндірушілерге қатысты жазаны қатайтуды бастама етіп көтерді. Қазіргі уақытта заңсыз кен іздеушілер тек әкімшілік айыппұлмен құтылса, жаңа ұсыныс бойынша олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұған қоса, ведомство шахта иелерінің де жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Егер шахта аумағына бөгде адамдардың кіруіне жол берілсе, нысан иелері қатаң жазаланады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жабылған немесе жұмыс істеп тұрған учаскелерде бейнебақылау жүйелері мен цифрлық мониторинг енгізу жоспарлануда. Бұл технологиялар адам өміріне қауіп төнетін аймақтарды қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.
Мұндай қатаң шаралардың талқылануына жақында Ақмола облысында орын алған қайғылы жағдай себеп болды. Шахталардың бірінде болған опырылым салдарынан заңсыз кен өндіріп жүрген адам қаза тапқан еді. Мұндай оқиғалардың жиілеуі қолданыстағы айыппұл жүйесінің тиімсіз екенін көрсетіп берді.
Министрлік өкілдерінің пікірінше, қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі заңсыз өндірістің жолын кесіп, адам шығынын азайтуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі мемлекеттік органдар деңгейінде пысықталуда.