2026 жылғы 16 сәуірде Шәкәрім университеті базасында елімізге белгілі экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бауыржан Мұратбекұлы Искаковтың «Балаңның бойындағы қаржылық алыпты оят: Абай ілімі арқылы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған еңбек авторы – «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері, қаржылық сауаттылық саласының сарапшысы және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапатталған ғалым. Оның ғылыми-оытушылық қызметі қазіргі қоғамда қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай Құнанбайұлы мұрасының ұлттық даму үдерісіндегі ерекше рөлін атап өтеді. Осы тұрғыда Абай шығармаларындағы рухани-адамгершілік қағидалар қазіргі қоғам үшін өзектілігін жоғалтпайды және тұлғаның жан-жақты дамуына негіз болады.

Абайдың қара сөздерінде көрініс тапқан еңбекқорлық, білімге ұмтылу, жауапкершілік және өзін-өзі жетілдіру идеялары жас ұрпақтың қаржылық мінез-құлқын қалыптастыруда маңызды әдіснамалық негіз бола алады. Осы идеяларды заманауи талаптармен үйлестіре отырып, Б.М. Искаковтың еңбегі қаржылық сауаттылықты тәрбиелік және философиялық тұрғыда түсіндіретін кешенді жұмыс ретінде ерекшеленеді.
Тұсаукесер рәсімін «Шәкәрім университеті» КеАҚ Басқарма-төрағасы Ректор,қауымдастырылған профессор Орынбеков Думан Рымғалиұлы, Alikhan Bokeikhanov University ректоры PhD Койчубаев Александр Сергеевич, кітап авторының мектептегі ұстазы Матеев Қайнарбек, Абай облысының Мəдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Жанжігіт Омархан өткізді. Сонымен қатар, бұл рухани-танымдық шараға университеттің білім алушылары, ПОҚ, «Күміс университеті» иыңдашылары,мектеп оқушылары мен ардагер ұстаздар қатысты.
Ұсынылған кітаптың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын қалыптастыруда Абай ілімінің тәрбиелік әлеуетін пайдалану. Еңбекте қаржы саласының негізгі ұғымдары қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіріліп, олар Абайдың философиялық ойларымен сабақтастырылады. Атап айтқанда, кітап мазмұнында келесі бағыттар қамтылған:
- · жеке қаржыны жоспарлау;
- · жинақтау дағдыларын қалыптастыру;
- · инвестиция негіздерін түсіндіру;
- · қаржыны тиімді басқару қағидалары.
Сонымен қатар, еңбекте практикалық кейстер мен тапсырмалар арқылы қаржылық ойлау қабілетін дамытуға ерекше мән берілген. Бұл тәсіл теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Кітаптың тағы бір маңызды қыры – ата-аналарға арналған бөлімдердің болуы. Онда отбасылық бюджет құру, балалармен бірлесіп қаржылық мақсаттарды айқындау және ойын элементтері арқылы қаржылық тәрбие беру әдістері ұсынылған.
Қорытындылай келе, «Балаңның бойындағы қаржылық алыпты оят: Абай ілімі арқылы» атты еңбек – ұлттық құндылықтар мен заманауи қаржылық білімді ұштастырған, өскелең ұрпақтың экономикалық ойлауын қалыптастыруға бағытталған өзекті еңбек болып табылады. Автордың ғылыми - оқытушылық қызметінің нәтижесінде алдағы уақытта да қоғам үшін маңызы зор, мазмұнды еңбектер жарық көретініне сенімдіміз.
«Шәкәрім университеті» КеАҚ
«Экономика және қаржы» кафедрасының
аға оқытушысы, PhD Ләззат Габдуллина