🤖 Digital

Жасанды интеллект пен мұғалім: жаңа тепе-теңдік қайда?

Жасанды интеллект пен мұғалім: жаңа тепе-теңдік қайда?

Білім беру жүйесінде кейінгі жылдары байқалған өзгерістер сырт көзге жай ғана технологиялық жаңару сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің мәні әлдеқайда терең. Жасанды интеллект енді тек құрал емес, ол білім беру логикасын қайта қарап, мұғалімнің кәсіби рөлін өзгертетін факторға айналды. Бұрын «алмастыра ма?» деген сұрақ қойылса, қазір «қалай бірге жұмыс істейді?» деген сауал алға шықты. Бұл – уақыт талабынан туған жаңа парадигма, деп жазады Ozgeris.info.

Қазіргі мектеп шындығына қарасақ, мұғалімнің жұмысы біртіндеп өзгеріп барады. Сабақ жоспары бұрынғыдай ұзақ дайындықты талап етпейді, материалды іздеу бірнеше минуттың ішінде шешіледі, тапсырма құрастыру мен тексеру үдерісі автоматтандырылып келеді. Сырттай қарағанда, бұл – тиімділік. Уақыт үнемделеді, жүктеме азаяды. Бірақ дәл осы жерде негізгі сұрақ туындайды: жеңілдеген жұмыс сапаны арттыра ма, әлде кәсіби мазмұнды жұта ма? EconomyKZ сарапшысы Ален Серік бұл өзгерісті кездейсоқ үрдіс емес, жүйелі бетбұрыс ретінде бағалайды:

«Білім беру жаңа кезеңге өтті. Енді мәселе «жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ма?» деген сұрақта емес. Бұл сұрақ күткеннен де тез ескірді. Қазір талқылаудың өзегі басқа формулаға ауысты, адам және жасанды интеллект. OECD-тің Digital Education Outlook 2026 есебі бірнеше жыл бұрын теория болып көрінген өзгерістің бүгін нақты іске айналғанын көрсетеді. Генеративті жасанды интеллект мұғалімнің күнделікті жұмысына кіріп үлгерді және білім берудегі еңбек өнімділігін дәл қазір өзгертіп жатыр. Бірақ бұл өзгерістің екінші жағы бар. Егер рөлдер нақты бөлінбесе, жасанды интеллект кәсіби дербестікті әлсіретуі мүмкін. Нәтижесінде статистика ұтады, ал мамандық ұтылады», дейді сарапшы.

Бұл пікірдің астарында маңызды ескерту жатыр. Яғни, мәселе технологияның бар-жоғында емес, оның қалай қолданылып жатқанында. Қазір мұғалімдер жасанды интеллектті көмекші ретінде емес, кей жағдайда негізгі орындаушы ретінде пайдалана бастады. Бұл үрдіс байқалмай жүріп-ақ кәсіби дағдылардың біртіндеп әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Picture background

Сарапшы ұсынған үш модель осы өзгерістің қай бағытта дамып жатқанын айқын көрсетеді:

«Бірінші логика – алмастыру. Мұнда жасанды интеллект мұғалімнің функцияларын өзіне алады: жоспарлау, тексеру, кері байланыс. Бұл тәсіл тез нәтиже береді, уақыт үнемдейді. Бірақ мұғалім мазмұн мен процесті бақылаудан айырылады. Екінші логика – толықтыру. Жасанды интеллект рутинаны орындайды, ал негізгі шешім мұғалімде қалады. Бұл модель тұрақты нәтиже береді. Үшінші логика – бірлескен жұмыс. Teacher-AI teaming деп аталады. Мұнда жасанды интеллект талдайды, ұсынады, ал мұғалім шешім қабылдайды. Бұл ең тиімді модель. Бірақ оны іске асыру ең күрделі», дейді ол.

Бұл жерде журналистік тұрғыдан маңызды тұс – таңдау. Қай модельді таңдаймыз? Жылдам нәтиже ме, әлде ұзақмерзімді сапа ма? Қазіргі жүйе көбіне бірінші жолға бейім: уақыт үнемдеу, процесті жеңілдету, стандарттау. Бірақ дәл осы жеңілдік ұзақ мерзімде кәсіби әлсіреуге алып келуі мүмкін. Мұғалімнің кәсіби дербестігі – білім сапасының өзегі. Егер ол дайын шешімдерді ғана қолданатын деңгейге түссе, онда білім беру мазмұны да біртіндеп шаблонға айналады. Бұл тәуекелді сарапшы ашық айтады:

«Егер жасанды интеллект үнемі бағалау, кері байланыс пен жоспарлауды атқарса, мұғалім бұл дағдыларды қолданбай қалады. Ал қолданылмаған дағды әлсірейді. Бұл болжам емес, жүйелік тәуекел. Мұғалім алгоритмді іске қосатын операторға айналуы мүмкін. Сондықтан мәселе технологияда емес, оның шекарасында. Қай жерде автоматтандыру қажет, қай жерде адам шешім қабылдауы тиіс – осыны нақты анықтау керек», дейді ол.

Picture background

Білім беру саласында тағы бір көзге көрінбейтін өзгеріс жүріп жатыр. Ол – тәжірибе мен технология арасындағы тепе-теңдік. Жасанды интеллект жаңадан келген мұғалімге үлкен көмек. Ол қателікті азайтады, бағыт береді, құрылым ұсынады. Бірақ тәжірибелі мұғалім үшін кей жағдайда керісінше шектеу болуы мүмкін. Себебі стандартталған шешім шығармашылық еркіндікті тарылтады.

«Генеративті жасанды интеллект тәжірибені алмастырмайды. Ол дизайнға байланысты оны күшейтеді немесе әлсіретеді. Мысалы, кей зерттеулерде жасанды интеллектті қолдану сабаққа дайындық уақытын 31 пайызға қысқартқан. Ал тәжірибесі аз мұғалімдердің оқушыларының нәтижесі 9 пайыздық көрсеткішке жақсарған. Бірақ бұл әсер барлық жағдайда байқалмайды. Кейде стандартталған шешімдер кәсіби таңдауды шектейді», дейді сарапшы.

Бұл деректер білім беру жүйесінің алдында тұрған басты таңдауды көрсетеді: технологияны кім басқарады? адам ба, әлде алгоритм бе? Егер бұл шекара дұрыс анықталмаса, жүйе біртіндеп автоматтандырылған, бірақ мазмұнсыз кеңістікке айналуы мүмкін. Жасанды интеллекттің тағы бір ерекшелігі оның әмбебаптығы. Бірақ дәл осы әмбебаптық білім беру саласында әлсіздікке айналуы ықтимал. Себебі оқу процесі стандарт емес, ол ойлануды, қателесуді, ізденуді талап етеді.

«Білім беру үшін жасанды интеллект ойлануға уақыт қалдыруы керек, қате жасауға мүмкіндік беруі тиіс. Әмбебап модельдер мұндай мақсатқа арналмаған. Сондықтан мұғалім бейімделмеген жүйемен жұмыс істесе, нәтиже сапасы төмендеуі мүмкін. Ең тиімді жүйелер – мұғалімнің қатысуымен жасалған, оның стиліне бейімделетін жүйелер», дейді Ален Серік.

Жалпы алғанда, бүгінгі өзгеріс тек технологиялық емес, философиялық сипатқа ие. Білім беру енді тек ақпарат беру емес, ойлау қабілетін қалыптастыру. Ал ойлау автоматтандырылмайды. Сондықтан жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, шешім қабылдайтын орталық – адам болып қала береді. Сарапшы бұл мәселені нақты түйіндейді:

«Егер нақты шектеулер болмаса, жүйе ең оңай жолды таңдайды. Ол тез нәтиже береді, арзан, басқаруға ыңғайлы. Бірақ дәл сол шешімдер мұғалімнің дербестігін әлсіретеді. Сондықтан басты сұрақ – жасанды интеллект қанша жұмыс істеді деген емес, мұғалім оқушымен жұмыс істеуге қанша уақыт алды деген сұрақ», дейді ол.

 

Барлық жаңалық