«Тамаша» арқылы елге кеңінен танылған актер Алмат Сақатов әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген туралы өз ойын білдірді. Бұл туралы Оzgeris.info ақпарат порталы хабарлайды.
Актер Qazaq Airan YouTube-жобасына берген сұхбатында Димаш Құдайбергеннің қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап, оны бірегей, феномен тұлға ретінде бағалады.
Алмат Сақатовтың айтуынша, соңғы ондаған жылда қазақ сахнасында Димаш деңгейіндегі өнер иесі болған емес.
«Соңғы 70 жылдағы қазақ өнерінің өкілдерін түгел жинасақ та, олардың еңбегі Димаштың жетістігіне жете қоймас. Бұл сөзім үшін ертең сынап жатуы да мүмкін. Бірақ Димаштай әлемнің түкпір-түкпірінде ән салып, қазақтың атын танытқан өнерпаз бұрын-соңды болған емес. Ол – тарих жасаған азамат», – деді актер.
Сондай-ақ ол Димашқа ізгі тілегін білдіріп, оның қазақ мәдениетін әлемге кеңінен танытып жүргенін ерекше мақтанышпен атап өтті.
«Димашқа Алла ұзақ ғұмыр берсін», – деп түйіндеді Алмат Сақатов.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген бүгінде халықаралық сахнада өнер көрсетіп, қазақ музыкасын әлемдік деңгейде дәріптеп жүрген ең танымал өнерпаздардың бірі саналады.