Монополия дегеніміз не? Президенттің өзі бұл мәселені мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Елдегі монополия несімен қауіпті? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Табиғи монополия термині бар. Осыдан бастаған дұрыс. Белгілі бір нарықта бір ғана компанияның немесе шағын топтың басымдыққа ие болып, өз шарттарымен жұмыс істеуі. Яғни олар бағаны, көлемді немесе қызмет көрсету ережелерін тұтынушы мен басқа компаниялардың мүддесін ескермей-ақ белгілей алады. Мұндай жағдайда бәсекелестік жойылады, ал нарық бір ойыншыға бағынып қалады.
Қазақстанда монополияны реттеу «Бәсекелестікті қорғау туралы» заңмен жүзеге асады. Егер бір компанияның нарықтағы үлесі 35 пайыздан асса, ол монополист деп танылады. Ал бірнеше компания нарықтың 50 пайызынан астамын бөлісіп алып, бірігіп әрекет етсе, олар үстем топ ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, бәсекелестік экономикалық тұрғыда мүмкін емес немесе тиімсіз салалар табиғи монополия деп аталады. Мысалы, теміржол, электр жүйесі, газ тасымалы сияқты салаларда бір ғана оператор болуы заңды.
Алайда монополия тек табиғи салалармен шектелмейді. Коммерциялық салада да монополиялық жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, бейнебақылау жүйесі «Сергек» бүкіл нарықты бақылауда ұстап отырған жалғыз ойыншы. Ол өзі бақылау жүргізіп, өзі айыппұл салып, тіпті төлем болмаса, істі сотқа дейін жеткізеді. Бұл салада оған балама жоқ. Заңгерлер мен экономистердің айтуынша, мұндай жағдай классикалық монополияның көрінісі.
Мемлекеттің өзі қолдайтын монополиялар да бар. Мысалы, «Оператор РОП». Кейбір компанияларға ерекше жағдай жасалып, нарыққа эксклюзивті қол жеткізу, субсидиялар немесе заң арқылы артықшылықтар беріледі. Бұл басқа кәсіпкерлердің сол салаға кіруін қиындатады. Мысалы, пойыз билеттерінің бағасы кейде ұшақпен теңесіп кетеді, бірақ вагондардың жағдайы сын көтермейді. Мұның себебі бүкіл теміржол инфрақұрылымы мен қызметі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бақылауында. Әрине, бұл табиғи монополия болса да, сарапшылар оның өз үстемдігін асыра пайдаланатынын айтады.
Жалпы, монополияға қарсы қозғалыс АҚШ-та пайда болған. Оларды траст деп те атаған. Ол – экономиканың барлық саласына иелік ететін ірі компаниялар. Қазақстанда жеке және мемлекеттік монополиялар кездеседі. Мысалы Air Astana компаниясын атап өтуге болады. Бір қарағанда нарықта балама тасымалдаушылар бар секілді көрінеді, Qazaq Air, Scat. Алайда әуе тасымалы саласында Air Astana сөзсіз монополия. Негізгі нарық та, ресурс та оларға тиесілі. Олар іс жүзінде бағаның тарифіне, айталық билет құнына әсер етеді. Мысалы Яндекс компаниясын да монополия деп атауға болады. Ол ірі қалалардағы нарықтың 90%-ға жуығын жаулап алған.
Антимонополиялық агенттік мұндай жағдайларды зерттеп, нарыққа талдау жүргізеді. Егер компания өз үстемдігін теріс пайдаланып жатса, айыппұл салады немесе шектеулер қояды. Кей жағдайларда компанияны бірнеше бөлікке бөлуді де талап ете алады. Алайда сарапшылардың пікірінше, қазіргі заңнама әлсіз, ал салынатын айыппұлдар ірі компаниялардың табысымен салыстырғанда шамалы ғана. Сондықтан оларды тоқтата алмайды.
«Несімен қауіпті? Егер компанияны ешкім реттемесе, және біздің монополияға қарсы орган сияқты олардың әрекетіне баға белгілеуге әсер ететін арнайы бастамалар болмаса, ертең бұл жоғары әлеуметтік сын-қатерлерге әкелу мүмкін, салдарынан шағымдар көбейеді», - дейді Марат Омаров.
Тұтынушылар мен басқа да нарық қатысушыларын ешкім қорғамайды. Балама жоқ, ал халық қызметті пайдаланады. Себебі кез келген адам таксиге отырады, ұшақпен ұшады. Ал нарыққа басқа компоненттерді кіргізбей, өзі қалағандарын жасап отыр.
«Мұндай монополиялардың теріс пиғылына, әрине ешкім де жол бермейді. Біздің қорғаныс тұрғысынан жұмысымыз осы. Себебі бұл бәсекелестікті қорғау, тұтынушыларды және нарықтың әлеуетті қатысушыларын қорғау, және халық үшін қол жетпейтіндей болып қалмауы керек», - дейді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы.
Қазақстанның экономикасы ашық әрі шағын дейді сарапшы. Яғни, салыстырмалы түрде көлемі жағынан үлкен аймақтардағы аз халық және шағын экономикалық белсенді халық ретінде жіктеледі. Және аталмыш экономикалық жағдайда монополияның болуы және біріктірілген компаниялардың өсуі, шын мәнінде қалыпты құбылыс. Әлеуетті жеке қатысушылар аз.
«Сондықтан белгілі бір компания өз саласының көшбасшысына айналса және оған бәсекелес болатын ешкім жоқ болса, оның еш кінәсі жоқ. Соңғы 2-3 жылда біз барлық ірі және ұсақ компанияларды тексердік. Бағаны төмендету бойынша тексердік, компанияларға сот арқылы айыппұл салынды, сома бюджетке түсті, компаниялар өз еркімен әрекеттерін өзгертті. Бәсекелестік қорғау тұрғысынан бұл құқықтық демократия болды», - дейді Марат Омаров.
Мысалы мұнай-газ секторы жоғары маржалық бизнес. Бұл компания көтерме сауда нарығында 50%-дан астам үстемдік етеді. Тексеру нәтижесінде компанияға үлкен көлемде айыппұл салынған. Шамамен бір миллиард теңге. Себебі компания өз қызметін асыра пайдаланған. Нәтижесінде бақылауды күшейту мақсатында компания мемлекет меншігіне, яғни газ құрылымына қайтарылды.
2023 жылы Яндекс такси компаниясына да антимонополиялық тексеру жүргізілген. Компания классикалық такси агрегаторы. Платформа 250 мыңға жуық қазақстандықтарды жұмыспен қамтып отыр. Екі мәселе қарастырылған. Біріншісі, бағаның негізсіз көтерілетіні бойынша. Екінші шағым – жүргізушілер 25% комиссия төлейтіні. Тексеру қорытындысы бойынша компанияға 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ монополияға қарсы келісімге қол қойды.
Көріп отырғанымыздай, мемлекет монополист компанияларды айыппұлдармен жазалайды, ал аса ірі заңбұзушылықтар болған жағдайда қылмыстық іс қозғайды. Алайда сарапшылардың айтуынша, айыппұл салу әрқашан тиімді бола бермейді. Себебі бұл айыппұлдардың сомасы кейбір ірі компаниялардың табысымен салыстырғанда өте аз, оларды заң бұзудан тоқтата алмайды.
Заңгерлер де антимонополиялық заңнама әлсіз екенін және бәсекелестікті қорғауға арналған шаралар жеткіліксіз екенін айтады. Кей жағдайларда мемлекеттің өзі нарықтағы ірі компанияларды қолдау арқылы олардың монополиялық жағдайын күшейтеді. Бұл жаңа ойыншылардың нарыққа кіруін қиындатады.
“Бізде тұтастай алғанда монополиялық мемлекет немесе монополияларға тәуелді ел қалыптасқан. Экономикамыздың барлық саласында, тіпті ең ұсақ бағыттардың өзі монополияға айналып кеткен. Мысалы, бейнебақылау саласында да бәсекелестік жоқ. «Сергек» нағыз монополист. Себебі бұл жүйеге балама ретінде қызмет көрсететін басқа компаниялар жоқ. Ол өзі бақылайды, өзі айыппұл салады, айыппұл төленбеген жағдайда сотқа береді. Дүние жүзінде монополиялар теріс құбылыс ретінде қабылданады. Оларды бөліп, бірнеше компанияға айналдырады. Бұл бәсекелестікті арттырып, сапаның көтерілуіне және бағаның әділетті болуына мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда ұтатын халық. Өкінішке қарай, бізде олай емес”, – дейді экономист әрі саясаткер Айдар Әлібаев.
Монополиялық жүйеге негізделген тағы бір мысалыны келтірейік. Елімізде ұялы телефондардың IMEI-кодын тіркеу міндеттелді. Бұл жүйені МЦРИАП, яғни Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі басқарады. Министрлік аталмыш шара халықты ұрланған немесе “көлеңкелі” импортпен келген құрылғылардан қорғау үшін қажет дейді. Телефон тіркелмесе, ол желіге қосылмайды, яғни қоңырау шалу, интернетке шығу мүмкін болмайды. Сондықтан әр азамат өз құрылғысын арнайы базаға тіркеуге мәжбүр.
Алайда бұл жүйеге Антимонополиялық агенттік қарсылық білдірді. Агенттіктің пікірінше, қазіргі тіркеу тәртібі нарықтағы бәсекелестікті шектейді. Себебі IMEI тіркеумен тек бір ғана оператор, яғни ХҚКО немесе МЦРИАП-тың серіктесі айналысады. Ал жеке дүкендер мен сервис орталықтарына бұл қызметпен айналысуға рұқсат жоқ. Халыққа таңдау берілмейді, тіркеу құны бәріне бірдей. Бұл нағыз монополия, яғни бір ғана тарапқа ерекше артықшылық берілмек. Мұндай жағдайда бағаның төмендеуіне де, қызмет сапасының артуына да жол жоқ.
Сырт көзге бұл жағдай түсініксіз көрінуі мүмкін. Себебі бір жағынан мемлекет өзі осындай жүйені жасап, оны толық бақылауға алады. Ал екінші жағынан, мемлекеттің басқа органы, яғни Антимонополиялық агенттік аталмыш жүйені әділетсіз деп сынға алады. Сонда бұл қандай жүйе? Өзі жасап, өзі жою ма? Яғни мемлекет ішіндегі әртүрлі органдар нарықты әртүрлі түсініп отыр деген сөз. Бірі қауіпсіздік пен тәртіпті бірінші орынға қойса, екіншісі еркіндік пен ашықтықты маңызды деп санайды.
Қазір Антимонополиялық агенттік IMEI тіркеу нарығын ашуды ұсынып отыр. Яғни тіркеумен тек бір оператор емес, бірнеше түрлі компания да айналыса алатындай ету қажет дейді. Сонда азаматтар баға мен қызмет сапасы бойынша таңдау жасай алады. Бұл мысалдан мемлекет кейбір салаларда өзі монополия құрып, кейін сонымен күресетін жүйе қалыптасқандай әсер қалдырып отыр. Қай және қалай жеңетіні алдағы уақытта белгілі болады.