Қазақстандық журналист әрі қоғам белсендісі Ербол Мәндібек Мұхтар Жәкішевтің шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қызының ұзату тойындағы беташар рәсіміне қатысты пікір білдірді. Оның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Ербол Мәндібек дәстүрдің сақталуы мәселесін көтеріп, былай деп жазды:
“Бұндай беташар болады ма? Ұзатылған қыздың беті барған жерінде ашылады емес пе? Қыздың өз үйінде, өз елінде бетін ашқаны нес? Дәстүрді бұзғаны үшін Жәкішевтер әулетіне штраф салу керек”.
Журналист қазақтың салт-дәстүрін сақтау қажеттігін атап өтті.
“Ертең елдің бәрі осыларға еліктеп өз қызының бетін өз үйінде ашып жатса қайтеміз? Қазақтың беташар дейтін ең құнды дәстүрін қорғауымыз қажет. Мынау істері сүйекке таңба”.
Сонымен қатар ол шетелдік құдаларға қатысты да өткір пікір айтты.
“Африкалық құдаларда дым ұят жоқ екен. Қызымызды тегін алып отыр әше өз елдеріне шақырып бір құман су құя алмағандары қалай? Айналайын африкалық құдалар, адам деген жөн-жоралғыны біліп, жаңа түскен келіннің жағына есік көрсетуге болады ғой? Мыналарың дым түсінбейді. Қызымызды береміз әше күйеуіңнің тойын жасап береміз. Бұл қандай дәстүр?”, – деп жазды Ербол Мәндібек.
Айта кетейік, бұған дейін қоғам қайраткері Мұхтар Жәкішев қызының шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанын жариялаған болатын. Желі қолданушыларының бір бөлігі жас жұбайларға бақыт тілесе, енді бірі қазақы дәстүрге қатысты түрлі пікір білдіруде.