Астанада секундына 10 гигабитке дейін жылдамдықпен жұмыс істейтін жаңа буын интернет іске қосылады. Бұл туралы Kazakh Invest компаниясы хабарлады. Жоба Астана әкімдігі мен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы арасында жасалған ынтымақтастық аясында жүзеге аспақ, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тараптар құжатқа «Қытай – Орталық Азия» форумы шеңберінде қол қойған. Нәтижесінде елордада телекоммуникация саласындағы жаңа дәуір басталмақ. Интернет 50G PON технологиясымен жұмыс істейді.
Айта кетейік, 10G – бұл оныншы буындағы мобильді интернет емес, секундына 10 гигабитке дейінгі жылдамдықты білдіретін кабельді интернет атауы. Яғни, бұл технология үйлер мен кеңселерге арналған. Ол видео-конференциялар, онлайн оқыту, үлкен көлемдегі деректерді жіберу және қабылдау кезінде еш кедергісіз, үзіліссіз жұмыс істеуімен ерекшеленеді.
Мұндай технология әзірге әлем бойынша тек бірнеше дамыған елде ғана сынақ режимінде іске қосылған. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Германия және Ұлыбритания бұл бағытта алдыңғы қатарда. Енді бұл тізімге Қазақстан да қосылмақ.
Бұл Астананың цифрлық даму жолындағы тағы бір маңызды қадамы деуге болады. Бұған дейін елімізде 2026 жылдың күзінде Starlink спутниктік интернет терминалдарының ресми сатылымы басталатыны хабарланған еді. Сол кезде Қазақстан халқы үшін шалғай ауылдарда да кең жолақты интернет қолжетімді болмақ.