Елімізде 2025 жылдың алғашқы төрт айында жалпы ішкі өнім 6 пайызға өсті. Бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Өсімнің негізгі қозғаушысы көлік пен мұнай саласы екені әмбеге аян. Сарапшылар ІЖӨ-нің (Ішкі жалпы өнім) өсуін оң бағалағанымен, оның сапасына, тұрақтылығына және халықтың нақты өмір сапасына әсеріне әлі де күмәнмен қарайды. Экономиканың құрылымы мен ішкі өндірістің әлсіздігі жағдайында бұл өсім қаншалықты берік әрі әділ деген сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.
Экономикалық серпіліс неден басталды?
Өсімнің басты себебі – негізгі салалардағы қарқынның артуы. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс бәрі де тұрақты өсім көрсеткен. Сарапшылардың айтуынша, әр саладағы оң динамика бір-бірін толықтырып, экономиканы жоғары траекторияға шығарып отыр.
Жалпы өнеркәсіптік өндіріс 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды. Әсіресе Жамбыл облысы ерекше көзге түсіп отыр – бұл аймақта өндіріс көлемі 22,9%-ға артқан. Мұндай жоғары көрсеткішке кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент және қант өндірісінің айтарлықтай жандануы себеп болды.
Ауыл шаруашылығы саласы 4,0% өсім көрсетті. Бұл – өткен айлармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш (қаңтар-сәуір 3,9%). Атырау, СҚО және Ақмола облыстары мал мен құс сойымының артуы есебінен жақсы нәтижеге қол жеткізді. Атыраудағы өсім – 10,4%, Солтүстік Қазақстанда – 7,5%, Ақмолада – 6,5%.
Құрылыс саласы бұрын-соңды болмаған серпінмен дамуда – 15,4% өсім. Еліміздің 18 өңірінде құрылыс көлемі артқан. Айрықша аймақ – Маңғыстау облысы. Мұнда мектептер, тұщыту зауыты, мұнай мен су құбырларын жаңарту, аурухана мен жолдарды жөндеу сияқты ірі жобалардың арқасында құрылыс көлемі екі есеге ұлғайған.
Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа зауыт-фабрикаларға бағытталған инвестициялардың нәтижесі болып отыр.
Сауда айналымы да артты – 7,8. Ішкі сауданың негізгі бөлігін – шамамен 68%-ын көтерме сауда құрайды. Бұл бизнес пен тұтынушылар арасындағы белсенді сауда-саттықтың артқанын білдіреді.
Бір мақсаты орындалмады
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілісте Үкіметтің 2024 жылғы бюджет атқарылуы туралы есебіне палата қорытындысын ұсынды. Ол 2024 жылғы сәуірде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылғанын атап өтті, алайда орталық мемлекеттік органдар өз даму жоспарларын жаңа жүйеге жедел бейімдей алмаған.
«Соның салдарынан мемлекеттік органдардың даму жоспарларындағы 7 ұлттық негізгі индикатор мен 20 мақсатты индикаторға қол жеткізілмеді. 2024 жылға арналған кіріс болжамы бастапқы жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді, бірақ сол төмендетілген болжамның өзі 609 млрд теңгеге орындалмады. Салықтық тексерулер саны артқанына қарамастан, олар бойынша өндіріп алу деңгейі екі еседен артық төмендеді. 249 ірі салық төлеушіге жүргізілетін мониторинг жүйесіз түрде жүріп жатыр, нәтижесінде қосымша есептелген сома небәрі 643 млн теңгені, яғни ірі субъектілерден түскен жалпы кірістің 0,01%-ын ғана құрады. Жалпы, 2024 жылы салық түсімдері 2023 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға төмендеді», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, бұл факторлар қарыз алуды ұлғайтуға, сондай-ақ Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемін арттыруға мәжбүр етуде – 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,6 трлн теңгені құрады.
«Жалпы алғанда, Ұлттық қор активтерінің ЖІӨ-ге қатынасы 2023 жылмен салыстырғанда 7 пайыздық тармаққа төмендеді. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6% деңгейінде ұстау мақсатына қол жеткізілген жоқ. Мұнайға қатысты емес тапшылықтың белгіленген лимиті де сақталмады, оның абсолюттік мөлшері 10,8 трлн теңге болды. 2024 жылы бюджет шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілді, олардың 40%-ы 4-тоқсанға тиесілі. Бюджеттік қаржыландыру жоспарынан газ, су және электрмен жабдықтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары сияқты 56 млрд теңгеге 112 инвестициялық жоба алынып тасталды», деді ол.
Смайылов атап өткендей, бюджетті екінші жартыжылдықта қайта қарағаннан кейін 58 млрд теңгеге 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілді, бірақ олардың бағыттары бұрын алынып тасталған жобалармен ұқсас.
«2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқыны бәсеңдеді: 2024 жылы небәрі 14 нысан жекешелендірілді. Позитивті сәт ретінде 2024 жылы квазимемлекеттік секторды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі шамамен 29%-ға қысқарғанын атап өтуге болады. Алайда, активтерді тиімсіз басқару фактілері әлі де бар. Мәселен, “Бәйтерек” холдингінің компаниялар тобы жеңілдетілген қаражатты алушыларға жеткізуді кешіктірген. Жобаларды іріктеу процесі жеткілікті мөлдір емес: кейбір жобаларға қолдау көрсетілгенімен, олар қойылған KPI-ға жетпеген немесе оларға қарсы міндеттемелер қойылмаған. «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын 13 тау-кен, металлургия және өнеркәсіптік жобаны жүзеге асырудан бас тартты немесе тоқтатты», деп қосты Смайылов.
Ол Жоғары аудиторлық палатаның Үкіметпен және Парламентпен бірге бюджеттік процестерді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыратынын баса айтты.
Сарапшылар тіптен төмен баға беріп отыр
Halyk Finance сарапшылары Қазақстан экономикасының 2025 жылғы өсімі 5,3 пайыз болады деп болжайды. Бұл үкіметтің ресми болжамынан төмен. Министрлер кабинеті биылғы ІЖӨ өсімін 5,6 пайыз деп бағалаған еді.
Дегенмен сарапшылар үкіметтің болжамын шындықтан алшақ деп санайды. Halyk Finance аналитигі Салтанат Игенбекованың айтуынша, қазіргі өсімнің тұрақтылығына күмән бар:
«Жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік нарықтардағы құбылмалылық болжанған өсімге қол жеткізуге теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар қазіргі кезде негізінен мемлекеттік шығындар арқылы қамтамасыз етіліп отырған өсімнің көздері мен тұрақтылығына қатысты сұрақтар сақталып отыр. Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсу болжамын төмендетті, бұл шешімді бір жағынан сыртқы факторлармен (жаһандық белгісіздік, сұраныстың әлсіреуі, шикізат бағасының төмендеуі), екінші жағынан ішкі құрылымдық мәселелермен түсіндіріп отыр».
Сарапшы сондай-ақ мұнай бағасының төмендеу ықтималдығы, қатаң ақша-несие саясаты, инвестиция көлемінің жеткіліксіздігі және өнімділіктің төмендігі де өсімге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертеді.
«Біз экономика өсімін 5,3 пайыз деңгейінде болжаймыз. Бұл өсім негізінен мұнай өндірудің артуы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы есебінен қамтамасыз етіледі. Алайда сдерживающие факторлар да бар. Олар – жаһандық белгісіздіктің артуы, мұнай мен шикізат бағасының тұрақсыздығы, инвестициялық белсенділіктің төмендігі. Бұл жағдайлар болжамдарды қайта қарауға себеп болуы мүмкін» дейді Салтанат Игенбекова.
Маусым айында Дүниежүзілік банк Қазақстанның 2025 жылғы ІЖӨ өсімі 4,5 пайыз болады деп болжады. Бұл қаңтардағы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа төмен. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең ірі төмендеу болып отыр. Бұған дейін Еуропа қайта құру және даму банкі де болжамын қайта қарап, 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеткен болатын.
Үкімет жалпы өсімге қалай қол жеткізбек?
Бес айдағы нәтижелер әзірге шенеуніктер күткендей болып тұр. Жыл қорытындысындағы өсімнен де үмітті. Оған жету жолын да жоспарлап қойған. «Қалай?» деген сұрақ бәріміздің көкейімізде тұрғаны анық.
Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, үкімет отырысында жылдың алғашқы айларындағы ІЖӨ өсімінің негізгі көздері мен экономикалық серпінді қамтамасыз етіп отырған салалар талқыланды.
«Өнеркәсіп экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып қала береді: 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның ІЖӨ-дегі үлесі 25,7 пайыз болды. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында сала 6,4 пайызға өсті» деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар машина жасау, азық-түлік, химия және мұнай өңдеу өнеркәсібі сынды басқа бағыттардағы өсу әлеуеті де қаралды. Құрылыс саласы ерекше назарға ілікті. Бес айда сектор 15,4 пайызға өскен, орындалған жұмыстар көлемі 2 триллион теңгеге жеткен. Тұрғын үй құрылысы бағытында биыл 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс. Қазірдің өзінде 6 миллион шаршы метр тапсырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары.
Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былай деді:
«Біздің мақсатымыз – биыл ІЖӨ өсімін 6 пайызға жеткізу. Ол үшін нақты сектордың барлық саласы белгіленген индикаторлар бойынша жұмыс істеуі тиіс. Әкімшілік кедергілерді жедел жою қажет және өсімі баяулаған салаларға ай сайынғы нақты жоспарлар әзірленуі керек. Осылайша кәсіпорындар өнім көлемін арттыра алады».
Сонымен қатар, Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5 пайыз өседі деп болжайды. Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға қатысқан сарапшылар да шамамен 5 пайыздық өсім күтіп отыр. Ұлттық банк өзі 5-6 пайыз аралығындағы өсімді күтеді. Ал Еуропа қайта құру және даму банкі мамырда өз болжамын 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеткен.
АЭС өсімге әсер ете ме?
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын (АЭС) іске қосу елдің жалпы ішкі өнімін 3 миллиард АҚШ долларына арттыруы мүмкін. Мұндай бағалауды Boston Consulting Group (BCG) компаниясының серіктесі Талғат Теміржанов ұсынды.
«Қазақстанда атом энергетикасы саласын құрудың экономикалық әлеуеті зор. BCG сарапшыларының бағалауынша, алғашқы АЭС-тің салынуы Қазақстанның ЖІӨ-не 3 миллиард долларға дейін қосымша үлес қоса алады. Болашақта қуаттылықты 5–10 ГВт-қа дейін ұлғайту кезінде бұл әсер тіпті айқынырақ байқалуы мүмкін – инжиниринг, құрылыс, материалдар өндірісі, қолданбалы ғылым және білім беру салаларындағы мультипликативтік ықпалын қоса алғанда», делінген компания таратқан ақпаратта.
Нақты айтар болсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ІЖӨ көлемі 288,1 миллиард доллар болды. BCG-дің бағалауынша, атом бағдарламасына байланысты инжиниринг қызметтеріне деген сұраныс 1-1,4 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл қазақстандық компаниялар мен мамандар үшін кең мүмкіндік ашады. Талғат Теміржановтың пікірінше, ұлттық атом саласын қалыптастыру Қазақстанда жаңа буын инженерлерді, жобалық менеджерлер мен ғылыми кадрларды тәрбиелейді, елдің технологиялық егемендігін күшейтеді және оны жоғары технологиялар саласында өңірлік көшбасшы ретінде орнықтырады.
Сондай-ақ, атом энергетикасын дамыту тікелей шетелдік инвестиция тартуға ықпал етіп, болашақта ядролық технологиялар мен ноу-хауды шет елдерге экспорттау үшін база қалыптастыруы мүмкін.
Сарапшы атап өткендей, Қазақстанда атом жобаларын іске асыруға қажетті бірнеше алғышарт бар. Ең алдымен, ядролық отынмен қамтамасыз етудің кепілдігі. Себебі республика уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады және өз қажеттілігін толықтай өзі қамтамасыз ете алады. Бұл – атом энергетикасын дамытудағы стратегиялық артықшылық.
Одан бөлек, Қазақстанның географиялық орналасуы – Шығыс пен Батыстың арасындағы өткел ретіндегі орны – технология мен инвестиция тартуға, халықаралық әріптестіктер құруға мүмкіндік береді. Ел капиталы көп қажет ететін жобаларды іске асыруда да тәжірибе жинақтаған. Талғат Теміржанов атап өткендей, Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі жобалар арқылы елеулі басқарушылық және инженерлік тәжірибе қалыптастырды.
Бұл ауқымды инфрақұрылымдық жобалар Қазақстанның көпмиллиардтық инвестицияларды тиімді игере алатынын және жобалаудан бастап құрылысты аяқтауға дейін барлық кезеңде сенімді, сапалы жұмыс істей алатынын көрсетті. Сарапшының пікірінше, дәл осы тәжірибе атом энергетикасын дамыту үшін берік негіз бола алады.
BCG компаниясының «Батыста атом энергетикасын не тежеп тұр?» атты жуырдағы зерттеуінде АҚШ, Ұлыбритания және ЕО елдеріндегі ядролық жобалар елеулі қиындықтарға тап болғаны атап өтілді. Олардың қатарында шамадан тыс күрделі жобалық шешімдер, жеткізу тізбектерінің тұрақсыздығы, тиімсіз басқару, саяси келіспеушіліктер және реттеуші тосқауылдарға байланысты кешігулер бар. Мұның бәрі мерзімнің созылуына, шығындардың күрт өсуіне және қоғамдық қолдаудың төмендеуіне әкеледі.
Сонымен бірге Қытай мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі балама жол бар екенін көрсетіп отыр. Бұл елдердің жетістігі жобалық шешімдерді стандарттауға негізделген. Бұл тәсіл құрылыс процесінің күрделілігін төмендетіп, шығындарды азайтады, жеткізу тізбектерін нығайтады және рұқсат алу тәртібін жеңілдетеді. Сарапшы атап өткендей, стандарттау болмаған жағдайда әрбір жоба жеке әрі бірегей болып кетеді, бұл оның құнын күрт өсіреді, тәуекелдер мен мерзімнің созылу ықтималдығын арттырады. Ал шешімдердің бірізденуі құрылысты жаппай жүргізуге және қуаттарды қосымша шығынсыз тез іске қосуға мүмкіндік береді.
14 маусымда Атомдық энергия агенттігі Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» компаниясын таңдағанын хабарлады. Сол күні ведомство екінші АЭС құрылысында Қытайдың CNNC компаниясы көш бастайтынын мәлім етті. Агенттіктің ақпараты бойынша, алғашқы АЭС қуаттылығы 2,4 ГВт болады және ол Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында, Балқаш көлінің жағасында салынады. Екінші АЭС-тің орны ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы бекітілгенімен, нақты шешім 2025 жылдың күзіне дейін жарияланбақ.
Бұған дейін бірінші вице-премьер Роман Скляр CNNC компаниясы Қазақстанда екінші АЭС-ті «Росатомға» қарағанда жылдам салып бітіруі мүмкін екенін жоққа шығармаған. «Росатом» басшысы Алексей Лихачев бұл жобада ВВЭР-1200 типті реакторлар қолданылатынын растады.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігі бұған дейін екінші АЭС-ті салу үшін Ақтау қаласы да қарастырылғанын айтқан. Себебі мұнда 1970–1990 жылдары БН-350 реакторы жұмыс істеген. Бұл қондырғы Каспий теңізінен су тұщытып, электр қуатын өндіріп отырған.
Қазақстан АЭС салуға қатысты технология жеткізуші ретінде төрт компанияны қарастырды: Қытайдың CNNC (HPR-1000 реакторы), Ресейдің «Росатом» (ВВЭР-1200, ВВЭР-1000), Оңтүстік Кореяның KHNP (APR-1400), және Францияның EDF (EPR1200). Алғашқыда серіктес таңдау 2022 жылдың соңына дейін шешіледі делінген, кейін бұл мерзім 2023 жылдың алғашқы тоқсанына ысырылған. Ақыры шешім республикалық референдум арқылы қабылданды. 2024 жылдың қазан айында өткен референдумда қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС құрылысына қолдау білдірді.
Қазір алғашқы АЭС-ті іске қосу мерзімі 2035-2036 жылдар аралығына белгіленіп отыр. Бұған дейін энергетика министрлігі құрылыстың 10 жылға созылатынын мәлімдеген болатын.
Оптимистік көзқарастар да бар
Елдің экономикалық дамуы халықтың тұрмыс деңгейімен тікелей байланысты. Әлемдегі экономикалық ахуалдың құбылуы Қазақстанның жалпы ішкі өнім өсіміне де әсер етіп отыр. Экономист Айбар Олжаев алдымызда әлі ұзақ жол тұр дейді.
«Биыл біздің экономикамыз 300 млрд долларға жетуі керек деп ойлаймын. Бізде жалпы ішкі өнімнің өсу тенденциясы тұрақты. Одан да көбірек арттыруды қалаймыз. Елімізде жалпы ішкі өнімнің өсуі мұнай бағасының қымбаттап және оның экспорттық көлемінің артуына қатты әсер етеді. Сондықтан біз қаншалықты экспорт көлемін арттырсақ та, мұнай бағасының төмендеуінен экономиканы өсіре алмаймыз. Дегенмен мұнай бағасы төмен болса да, экономикамыз дамып жатыр. Демек ол мұнайдың есебінен емес, өңдеуші өнеркәсіптердің дамуы есебінен. Оған шикізат арқылы дайын тауарларды жасап, экспортқа сататын өнеркәсіптерді жатқызамыз. Бірінші тоқсанда бұл анық байқалды. Биыл осы тенденция әрі қарай жалғасса, ел экономикасына мұнайдың әсер ету факторы азаюы мүмкін», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы бүгінде Ресейге салынған санкциялық жағдайларға бейімделіп үлгерген. Сондықтан бұл фактор қазір ЖІӨ өсіміне айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Сонымен қатар, экономикалық өсім халықтың өмір сүру сапасына тікелей ықпал етеді.
«Жалпы ішкі өнімнің өсуі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Жалпы ішкі өнім өссе, демек біз тауар шығару, өнім жасау ісін алға қойып жатырмыз деген сөз. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық арасында жұмыссыздық деңгейі азаяды. Екіншіден, ішкі экономикалық белсенділік, яғни ішкі сұраныс артады. Ол ақша массасының көбеюіне алып келеді. Ол кезде адамдардың қолында көбірек ақша болады. Бірақ, бір жағымсыз тұсы бар, бізде ақша көбейген сайын инфляция артып, қымбатшылыққа ұрынамыз. Сондықтан экономикалық өсім мен инфляция арасында ылғи тепе-теңдік болу қажет», дейді Айбар Олжаев.
Сарапшы алдағы 5-10 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5-7 пайыз деңгейінде өседі деп болжайды.
«Жыл басында экономикалық қарқын жақсы басталды. Бірақ жалпы ішкі өнім көрсеткішін жыл соңына дейін ұстап тұру қиын. Негізгі экономиканың бір жылдық көрсеткішін үшінші тоқсанның статистикасы көрсетеді. Сол уақытта осы рекордтық 6 пайызды ұстап тұрсақ жақсы болар еді. Әзірге жылдың екінші жартысында мұнай бағасы қандай болатыны белгісіз. Себебі ол да үлкен рөл ойнайды. Менің ойымша, алдағы 5–10 жылда жалпы ішкі өнім өсімі 5–7 пайыз болады деп ойлаймын. Себебі біз дәл қазір жаңа индустрия құру жолдарын қарастырып жатырмыз. Сонда негізгі экономиканың өсуі мұнайдан емес, басқа салалардың дамуынан алға жылжиды деп ойлаймын. 2027 жылға қарай еліміздегі ірі жобалар толық іске асып жатса, экономикамыздың даму көрсеткіші жоғары болады деп есептеймін», дейді экономист.
Көлік құрылысын дами берсе...
Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов та пікір білдірді. Оның айтуынша, көлік қызметінің ішіндегі негізгі үлесті жүк тасымалы мен жолаушылар тасымалы иеленіп отыр. 2025 жылдың алғашқы төрт айында “Көлік және қоймалау” саласының физикалық көлем индексі 122,4 пайызды құрады. Бұл саланың ІЖӨ өсіміндегі үлесі 1,35 пайыз болған. Қызметтің жалпы көлемі 3,3 триллион теңгені құраса, соның 1,95 трлн теңгесі жүк тасымалына, 461 млрд теңгесі жолаушылар тасымалына тиесілі.
Сондай-ақ, қоймалау мен қосымша қызметтер 855,2 млрд теңгеге жетіп, ФКИ 146,9 пайыз болды. Теміржол жүк тасымалы – 675,9 млрд теңге (113,9%), құбыр көлігі – 645,3 млрд (113,1%), ал автомобиль көлігі – 605,2 млрд теңге (125,1%) көлемінде тіркелді. Мұндай өсім ЖІӨ-ге тікелей ықпал етіп отыр. Мәселен, көлік құрылысына салынған инвестициялар арқылы ЖІӨ 0,12 пайызға ұлғайған. Жалпы құрылыс секторындағы үлес ЖІӨ өсіміне 0,7 пайыз қосқан.
Тайжановтың айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында “Құрылыс” ФКИ 116,2 пайызға жеткен. Оның ішінде көлік құрылысына тиесілі жұмыстар көлемі 17,9 пайызды құрады. Ресми мәлімет бойынша, осы аралықта орындалған құрылыс қызметтерінің жалпы көлемі 1,4 трлн теңге болса, соның 255,6 млрд теңгесі көлік құрылысына тиесілі. Оның ішінде жол мен автомагистраль құрылысы – 170,8 млрд, теміржол мен метро – 81,3 млрд, көпір мен туннель – 2,7 млрд теңге көлемінде орындалған.
«255,6 млрд теңгені игеру ЖІӨ өсіміне 0,12 пайыз қосқанын ескерсек, бұл көлік құрылысының жоғары тиімділігін көрсетеді. Жалпы алғанда, көлік құрылысына инвестицияның әр 1 трлн теңгесі ЖІӨ өсіміне 0,5 пайыз қосуға қабілетті», дейді Жәнібек Тайжанов.
Комитет төрағасының айтуынша, көлік министрлігі ЖІӨ өсімін қолдау мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, биыл «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі, Алматы айналма жолы, Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысы аяқталады. Магистралдық теміржол желілерінің 1480 шақырымы жөнделмек. Автожол саласында 13 мың шақырым жол қамтылып, 17 өткізу бекеті жаңартылып жатыр. Азаматтық авиация бағытында Зайсан, Қатон-Қарағай және Кендірліде аэродром кешендерінің құрылысына 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
«Халықаралық әуехабтарды дамыту – басым бағыттың бірі. Бұл жүк айналымын екі есе арттырып, 500 мың тоннаға жеткізуге, жолаушылар ағынын көбейтуге жол ашады. Осы мақсатта әуе кемесі паркін ұлғайту және халықаралық маршруттар желісін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді ол.
Жоспар бойынша 125 теміржол вокзалының құрылысы мен жөндеу жұмыстары іске асады. Сонымен қатар 210 локомотив, 1200 вагон мен 6 теңіз флоты кемесін сатып алу жоспарланған. Ведомство жаңа маршруттарды дамытуды, қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартуды көздейді. Алайда бұл бағытта бірқатар шектеулер де бар. Олардың қатарында тозған теміржол желісі, жылжымалы құрам тапшылығы, өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті мен кедендік рәсімдердегі кідірістер бар.
Осы кедергілерді жою үшін министрлік инфрақұрылымды жаңарту, техникалық жарақтандыру және мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
«Көлік-логистика саласының даму тәсілдері 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасында толық жазылған. Алдағы жылдары іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар ЖІӨ өсімін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады», деді Жәнібек Тайжанов.