Ұлттық банк 2025 жылғы 5 маусымда базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елдегі инфляциялық жағдай мен экономикалық белсенділікті ескере отырып қабылданған. Қаржы-несие саясаты комитетінің мүшелері осы деңгейді қазіргі инфляциялық қысымға сәйкес келетін ең тиімді шешімге балады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бірақ инфляцияның жылдық деңгейі күтілгеннен жоғары қалыптасып отыр. Мамыр айында айлық инфляцияның баяулағаны байқалса да, ол кейінгі онжылдықтағы ең жоғары деңгейлердің біріне жетті. Бұл халықтың тұтыну белсенділігінің жоғары екенінің әрі баға тұрақсыздығының айғағы. Сарапшылар бағаның өсуіне тұтынушылық сұраныс пен экономиканың жылдам өсуі негізгі себеп екенін айтты.
Сондықтан да экономист Расул Рысмамбетов «Базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру қазіргі макроэкономикалық жағдайды ескере отырып, күтілетін әрі орынды шешім болды» деп отыр.
– Қазақстанда инфляцияның баяулауы тоқтап, қайта үдеуі байқала бастады. Мамыр айында жылдық инфляция 11,3%-ға жетіп, сәуірдегі 10,7%-бен салыстырғанда жоғары көрсеткіш тіркелді. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулері де жоғары болып тұр шамамен 12%. Бұл ретте базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім экономикалық тұрғыдан қисынсыз болар еді. Қазір инфляцияға әсер етіп отырған басты факторлардың бірі әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, себебі еліміз азық-түліктің бір бөлігін сырттан әкеледі. Оған қоса Ресей секілді ірі сауда серіктестеріндегі жоғары инфляция да біздің нарыққа тікелей ықпал етіп отыр, – дейді Рысмамбетов.
Сыртқы факторлар да инфляцияны ушықтырып отыр. Ресейдегі жоғары инфляция, әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, АҚШ-тың сауда саясатына байланысты белгісіздік — мұның бәрі Қазақстанның ішкі нарығына жанама әсер етеді. Импорттық өнімдердің қымбаттауы да ішкі инфляцияны күшейтеді.
Комитет 2025 жылғы инфляция болжамын 10,5-12,5% аралығына көтерді. Бұрын бұл көрсеткіш 10-12% болатын. Ал 2026 жылы инфляция 9,5-11,5% болады деп күтілуде. Ұлттық банктың болжамынша, тұрақты инфляция 5%-дық мақсатқа тек 2027 жылы ғана жақындайды. Бұл бағаның бірден тұрақталмайтынын, ал инфляциямен күрестің ұзақ мерзімді екенін көрсетеді.
Мөлшерлемені төмендету туралы ұсыныстар мүлде болған жоқ. Комитеттің кейбір мүшелері тіпті мөлшерлемені көтеру қажет деп есептеді. Бірақ әзірге ең тиімді қадам мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап, нарыққа қатаң сигнал беру болды. Бұл шешім инфляцияны тұрақтандыру мақсатында қабылданды.
– Үкіметтің инфрақұрылымдық жобаларға бағыттап отырған мемлекеттік инвестициялары бөлек әңгіме. Бұл экономиканы ынталандыруға бағытталған қадам болғанымен, екінші жағынан, ішкі сұранысты күшейтіп, инфляциялық қысымның артуына әкеп соғуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда ақша-несие саясатын жұмсартуға негіз жоқ. Мемлекеттік шығыстар ұлғайса, нарықтағы айналымда ақша көбейеді. Бұл сұраныстың артуына және тиісінше бағаның өсуіне себеп болады. Сондықтан да Ұлттық банк инфляциямен күресте қатаң ақша-несие саясатын сақтау бағытын жалғастырып отыр, – деді сарапшы.
Базалық мөлшерлеме халыққа, әсіресе несие нарығына тікелей әсер етеді. Қазір тұтынушылық несиелеу жоғары деңгейде сақталып тұр. Онлайн бөліп төлеу, жеңілдетілген автонесиелер секілді бағдарламалар халықтың несиеге деген сұранысын арттырды. Бұл сұраныс өз кезегінде бағаның одан әрі өсуіне әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк қосымша макропруденциялық шаралар қабылдауда. Мысалы, борыш жүктемесін есептеу әдісі өзгереді, банктерге қатысты капитал талаптары күшейтіледі. Бұл шаралар несие нарығын салқындатуға және инфляцияны тежеуге бағытталған.
– Тарифтік саясаттағы өзгерістердің де рөлі маңызды. Қазір коммуналдық тарифтерді нарық қағидаттарына бейімдеу үдерісі жүріп жатыр, яғни кейбір реттелетін қызметтердің бағасы кезең-кезеңімен өсуі мүмкін. Бұл да инфляциялық үдерістерді жеделдетуі ықтимал. Қазір Ұлттық банк тарапынан мөлшерлемені төмендету емес, керісінше оның тұрақтылығын сақтау теңге активтерінің тартымдылығын арттыру мен валюта нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін маңызды, – дейді экономист.
Ақша массасын басқару үшін алтынмен «айна» операциялары жүргізіліп жатыр. Бұл тәсіл нарыққа артық теңге шығармай, инфляцияны тежеуге көмектеседі. Сондай-ақ, мерзімді қайта қаржыландыру параметрлерін өзгерту (МРТ) жоспарланған. Мұның барлығы инфляцияға жанама әсер етеді.
Базалық инфляцияны басқару реформаларға да байланысты. Мемлекет реттелетін бағалардан бас тартуға көшіп жатыр. Бұл кезде баға динамикасын тек нарықтық күштер анықтайтын болады. Сондықтан ақша-несие саясаты әлдеқайда маңызды құралға айналады.
– Қазіргі мөлшерлеме теңгелік активтерге деген сенімді сақтауға көмектеседі. Мысалы, нақты мөлшерлеме (инфляцияны шегергендегі) 4,4%-ды құрауы мүмкін, бұл — жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдайда халықтың теңгедегі жинақ құралдарына қызығушылығы төмендемейді, ал бұл валюта нарығындағы тұрақтылыққа да оң әсер етеді, – деп қорытындылады Р. Рысмамбаетов.
Қорыта айтқанда, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы кемінде 2-3 тоқсан бойы өзгеріссіз сақтауы мүмкін. Қажет болса, оны арттыруға да дайын. Қазіргі саясаттың мақсаты – бағаның өсуіне жол бермеу, халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыру және 5%-дық инфляция мақсатына біртіндеп оралу.