Спорт

«Алты ай өмірің қалды» деген ескертуге қарамастан Паралимпиадада алтын алды

«Алты ай өмірің қалды» деген ескертуге қарамастан Паралимпиадада алтын алды

Парижде өтетін Паралимпиада ойындары қарсаңында қазақстандық спортшы Ақмарал Науатбекке дәрігерлер ауыр диагноз қойып, өміріне қауіп төнгенін ескерткен. Бұл туралы ozgeris.info сайты Zamandas YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Дәрігерлердің айтуынша, егер спортшы денсаулығын қатаң бақылауға алмаса, алты айдан артық өмір сүрмейді деген болжам жасалған. Алайда Ақмарал бұл ескертулерге қарамастан жаттығуын жалғастырып, нәтижесінде Паралимпиадада алтын медаль жеңіп алды.

 

Оның айтуынша, жарысқа дайындық барысында ол Түркияда ем қабылдаған. Сол жерде дәрігерлер Ақмаралдың сараптамаларын көріп, таңданысын жасырмаған. Қан құрамындағы қант деңгейі үш-төрт ай бойы 30-дан төмен түспеген. Тәжірибелі маман 25 жылдық еңбек жолында мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтқан — әдетте мұндай көрсеткішпен адамдар не комаға түседі, не өмірден өтеді екен. Дәрігер Ақмаралдың бұл жағдаймен әлі де спортпен шұғылданып жүргеніне сенбеген.

 

Ақмаралға 1 типті қант диабеті диагнозы қойылған. Дәрігерлердің ескертуінен кейін оның жақындары Паралимпиадаға қатысуынан үміт үзген. Спортшының сөзінше, анасы тіпті: «Алты ай ғана өмір қалды, енді қандай Олимпиада?» — деген. Соған қарамастан, Ақмарал арманынан бас тартпай, үлкен спортта өз орнын дәлелдей білді.

 

Бұл жүрек тебірентерлік оқиғаны Ақмарал Zamandas YouTube арнасына берген сұхбатында баяндап берді.

Барлық жаңалық