Жаңалықтар

Ақмолада жас ананың өлімі тіркелді: қайғылы оқиғаға депрессия себеп болуы мүмкін

Ақмолада жас ананың өлімі тіркелді: қайғылы оқиғаға депрессия себеп болуы мүмкін

Ақмола облысының Бұланды ауданында қайғылы жағдай орын алды – ауыл тұрғыны, жас ана, өз үйінің ауласындағы қосалқы құрылыстардың бірінен өлі күйінде табылды. Құқық қорғау органдары бұл жайтты суицид ретінде қарастырып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, оқиға 26 маусым күні тіркелген. Әйелдің денесін үйіне оралған туыстары тауып алған. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұмның жаңа туған сәбиі болған, ал оның отбасы бұрын-соңды әлеуметтік қызметтердің есебінде тұрмаған.

 

Әлеуметтік желілер мен жергілікті тұрғындар арасында бұл оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Көпшілік оның босанғаннан кейінгі психологиялық күйзелістен зардап шеккен болуы мүмкін екенін айтуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әрбір төртінші әйел босанғаннан кейінгі депрессияға шалдығады. Бұл жағдай көңіл күйдің төмендеуімен, мазасыздықпен, ұйқының бұзылуымен сипатталып, ауыр формада адамның өміріне қауіп төндіретін ойларға да жетелеуі мүмкін.

 

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шеңберінде сот-медициналық және психологиялық сараптамалар тағайындалып, оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталуда.

Барлық жаңалық