📰 Сарапшылар пікірі

«Капиталдық тұзақ»: инвестиция көп болса да, экономика неге баяулайды?

«Капиталдық тұзақ»: инвестиция көп болса да, экономика неге баяулайды?

Экономист Руслан Сұлтанов инвестицияның көп болуы әрқашан экономикалық өсім әкелмейтінін айтады. Оның пікірінше, кей жағдайда экономикада «капиталдық тұзақ» пайда болады, яғни, ақша көп құйылғанымен, жаңа өндіріс орындары толық жұмыс істемей, артық қуат жиналып қалады, деп жазады Ozgeris.info.

Көп жағдайда экономика туралы әңгіме болғанда бір қарапайым қағида жиі айтылады: инвестиция көп болса6 экономика да жылдам өседі. Мұны шенеуніктер де, банктер де жиі қайталайды. Логикасы да түсінікті сияқты. Жаңа зауыттар салынады, өндіріс желілері ашылады, индустриялық аймақтар пайда болады. Статистикада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өседі. Ал бұл көрсеткіш көбіне болашақтағы экономикалық серпіннің белгісі ретінде көрсетіледі.

Алайда бірнеше жылдан кейін жағдай басқаша көрінуі мүмкін. Кейбір зауыттар толық қуатында жұмыс істемейді, қоймаларда өнім жиналып қалады, ал жаңа өндіріс орындары бір-бірімен бәсекеге түсе бастайды. Мұндай кезде кәсіпорындар сыртқы нарықпен немесе импортпен емес, өзара бәсекелесуге мәжбүр болады.

«Экономикада жиі кездесетін қате түсінік – инвестицияны өз алдына өсімнің негізгі қозғаушы күші деп қабылдау. Шын мәнінде капитал тек сұраныс, технология және нарық болған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Егер инвестиция тек “көбірек ақша құю” логикасымен жасалса, онда өндіріс қуаты артық болып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа жобалар экономиканы дамыту үшін емес, бір-бірімен бәсекелесу үшін пайда болады», дейді экономист Руслан Сұлтанов.

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдай көбіне инвестицияның өзі мақсатқа айналған кезде пайда болады. Яғни6 жобалар нақты нарық қажеттілігіне емес, қаржы игеру немесе жоспарды орындау үшін іске қосылады.

«Кей кезде инвестиция экономикалық қажеттіліктен емес, саясат немесе қаржылық ынталандыру арқылы жасалады. Мысалы, жеңілдетілген несие беріледі, субсидиялар бөлінеді немесе белгілі бір жобаларды іске қосуға әкімшілік қысым болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы нақты сұранысқа емес, инвестиция көлемін арттыруға бағытталады. Сырттай қарағанда бұл инвестициялық бум сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде экономика ішінде теңгерім бұзыла бастайды», дейді сарапшы.

Уақыт өте келе мұндай жобалардың тиімділігі төмендей бастайды. Өндіріс көп болғанымен, өнімге сұраныс жеткіліксіз болуы мүмкін. Нәтижесінде кәсіпорындардың табысы азаяды, ал қарыз көлемі арта береді.

«Алдымен кәсіпорындардың рентабельдігі төмендейді. Яғни өндіріс бар, бірақ пайда аз. Кейін компаниялардың қарызы көбейе бастайды. Ал бұл банктер үшін жаңа проблемаға айналады, себебі олардың портфелінде қайтарылуы қиын несиелер жиналады. Сырт көзге қарағанда экономикада инвестиция көп, жаңа жобалар іске қосылып жатыр. Бірақ шын мәнінде жүйе өз салмағынан баяулай бастайды. Экономика дәл осы кезде “капиталдық тұзаққа” түседі», дейді Руслан Сұлтанов.

Сарапшының пікірінше, экономика үшін инвестицияның көлемі ғана емес, оның сапасы маңызды. Яғни жаңа өндірістер нақты нарық сұранысына, технологияға және ұзақ мерзімді экономикалық стратегияға сүйенуі керек. Әйтпесе көп инвестицияның өзі экономиканы жылдам дамытуға емес, керісінше оны тежейтін факторға айналуы мүмкін.

Барлық жаңалық